Қазғұрт ауданындағы «Қайып ата»cеріктестігінің қызметкерлері мал бордақылаумен айналысады. Бүгінгі таңда мұнда 3 мың бас ірі қара бордақыланып жатыр. Кәсіпкерлер малды Солтүстік Қазақстаннан арнайы алдырғандарын айтады.
Бордақылау алаңындағы ақбас сиырлар орта есеппен 300 келіге дейін ет береді. Етті малға тән белгілері де айқын — тез жетіледі, кеудесі кең, етті, аяқтары қысқа, берік келеді. Ұрғашы тайынша күніне 700-800 грамм, 15-18 айлық бұқашықтар тәулігіне 900 грамға дейін салмақ қосады екен.
Әрине, ол үшін малға дұрыс күтім қажет. Солтүстіктен жеткізілген ірі қараның бабы болғандықтан, күнгейдің климатына жерсінген де сыңайлы.
Ержан Сыздық ет бағытындағы малдың бабын жақсы біледі. Межеленген ет түсімін алу үшін бордақыланған малдар мөлшерімен уақтылы азықтандырылуы тиіс дейді.
Қазір бордақыланған малдың еті Шымкент, Алматы қалаларына, көршілес Өзбекстан еліне жөнелтілуде. Жуырда бордақылау алаңына келіп, малдың күтімін көзбен көріп қайтқан ирандықтар да ақ бас сиырлардың етіне қызығушылық танытып кетіпті. Серіктестік өкілдері ет бағытындағы мал басын 5 мыңға жеткізу үшін қазір бірқатар шетелдік әріптестерімен сөз байласып жатыр.