Білім және ғылым министрлігі бірыңғай ұлттық тестілеуді өткізуге қатысты өзгеріс енгізді. Оған сәйкес, биылдан бастап ҰБТ нәтижесі ашық ілінбейді. Сондай-ақ, бірыңғай ұлттық тестілеуге енген жалпы білім беру пәндері бойынша қорытынды баға түлектің жылдық көрсеткіштеріне байланысты шығарылады. Бұл жаңалық бітірушілерді елең еткізбей қоймады.
ҰБТ-дағы соңғы өзгерістер шымкенттік түлектерді де бей-жай қалдырмады. Бірі оны жақсылыққа баласа, енді бірі кез келген өзгеріс бала психологиясына кері әсірін тигізеді деп отыр. Десе де жаңалықты жоғары сынып оқушылары жатырқамай қабылдаған. Олар тест нәтижелерінде түлектің аты-жөні көрсетілмегені дұрыс дейді. Ал қорытынды балмен білім және ғылым министрлігінің сайтынан үйде отырып-ақ таныса алатындарын естіп, қуанып қалды.
Әлішер Шілтен, 11 сынып оқушысы: «Өзіңнің балыңды өзің ғана білесің. Бұл жақсы ғой? Үйіңде отырып-ақ тест нәтижесін арнайы жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы білесің. Аз балл жинасаң, жұбаныш болатын жандар қасыңда болады. Өзгелермен бәсекелестік тоқтайды деп ойлаймын. Діттеген балыңды жинай алмасаң, өзің ғана білесің, ешкімге күлкі болмайсың. Маған ұнады».
Меруерт Дербесбаева, 11 сынып оқушысы: «ҰБТ-дағы әрбір өзгерістер оқушыға кері әсерін тигізеді деп ойлаймын. Әр оқушы болашаққа нық сеніммен аяқ басқан кезде қандай да бір өзгеріс болды дегенді естігенде қорқады».
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=Zdtw8c1StXw[/youtube]
Ұстаздар қауымы да бұл өзгеріске қуанбаса, өкініп отырған жоқ. Осылайша, оқушылар арасындаға алауыздық жойылады деп санайды.
Әсел Арапова, №8 гимназияның мұғалімі: «Бұл, біріншіден, ҰБТ-ның әділ өтуіне жағдай жасайтын болса, екіншіден, бұл оқушылардың өзінің діттеген ұпайынан төмен алып қалған жағдайда оларға психологиялық моральдық тұрғыдан қолдау жасайды. Үшіншіден, оқушылар арасындағы алауыздықтың алдын алады.»
ҰБТ-ға енген тағы бір өзгеріс бар. Ол аттестатқа қойылатын бағаға байланысты. Анығырақ айтсақ, бұрын ұлттық тестілеудегі қорытынды баға түлектің жылдық көрсеткішіне едеуір әсер ететін. Енді енгізілген өзгеріске байланысты ортақ шешім қойылатын болды.
Мөлдір Қилыбаева, ОҚО білім, жастар ісі және тілдерді дамыту басқармасының бас маманы: «Аттестатты ҰБТ-ны тапсырған кезде бітірушілер білім алған білім беру ұйымдары береді. Аттестатқа ҰБТ шеңберінде тапсырылған жалпы білім беретін пәндер бойынша мемлекеттік комиссия шешіміне сәйкес жылдық баға есептелген орташа арифметикалық баға қойылады. Дау тудыратын жағдайда бағаны дөңгелектеу көтеру жағынан жасалады. Яғни, жылдық баға 5 болып, ҰБТ-ның нәтижесі төрт болса, екеуінің ортақ балы 4,5 болады да 5 деген баға қойылады».
Биыл Оңтүстікте 31 мыңға жуық оқушы 11 сыныпты бітіреді. Оның тек 18 588-і ғана ҰБТ тапсырмақ. Өңірде 169 ҰБТ тапсыру пункті жұмыс істейтін болады. Олардың барлығы бейне жазу құрылғыларымен жабдықталуда. Ал өзгерісті жатырқамай қабылдаған жоғары сынып оқушылары білім сынағы адал әрі ашық өтетініне сенімді.