Ұлттық сусынды патенттеген алғашқы қазақ

Жамбыл өңірінде Дүйсенбек Ыбынәлиевті танымайтын жан жоқ. Есімін жұрт бал қымызбен байланыстырады. Өйтпей қайтсін, ертелі-кеш қымызды насихаттаумен шапқылап жүргені. Осы жолға барын салып, бабын тапты. Есімі халықаралық деңгейге өнертапқыш ретінде мойындалды. Тапқан өнері сол, қымызды алпыс күн сақтаудың жолын біліп, «Хан қымызға» патент алған алғашқы қазақ болды. Ілкімді ісімен егжей-тегжей танысу үшін «Абсент» асыл тұқымды жылқы шаруашылығына бет алдық.

Дүйсенбек Ыбынәлиев
Дүйсенбек Ыбынәлиев

АБЫРОЙ ӘПЕРГЕН «АБСЕНТ»

Дүйсенбек ағаның асыл тұқымды жылқы шаруашылығы Тараз қаласының күнбатысында. Облыстық балалар ауруханасының жанында орналасыпты. Мұны көріп, іштей қуандық. Талай дертке шипа болар қымыздың қайнар бұлағы дәл осы ауруханының жанында болғаны қандай жақсы.

– Амансыз ба, келіп қалдық ауылыңызға. Қалыңыз қалай?

– Е, қалай болушы еді. Бие деген шұрқырап құлындап жатыр, күні-түні осындамын. Жарықтықтардың төлдейтін мезгілі ғой, отыруға уақыт жоқ. Қалым осы қарағым,- деп Дүйсенбек ата құшақ жая қарсы алды.

Шаруашылықпен танысу үшін жылқыларға қарай бет алдық. Әлгінде алыстан көрінген аттарға жақындап келеміз. Қыстан шыққан мал жерге жабысып алған. Арқа жүндері түлеп, өздері де жүдепті.

– Көкке әрең жеткіздік малды, қызым. Үкімет субсидияны көбейтсе, жем-шөпті молырақ алар едік,-деп қояды жолай Дүйсенбек ата.

– Субсидияға алған жем-шөбіңіз жетпей ме сонда, жылқылар жүдеу шығыпты?

– Аз бөледі ғой ақшаны, мәселен 600 мың теңге алдым былтыр. Ол неге жетеді? Бір қысқа мен 15 мың түк шөп дайындаймын. Әр түгі 400 теңгеден. 6 млн. ба? Ал үкіметтің 600 мыңы не болады? Жеңілдік ретінде 15 теңгеден кебек береді енді. Оған да рахмет. Жылқы малы комбайн ғой, өт жоқ, жей береді. Бір қыста бұлар 50-60 тонна кебек жейді.  Сенсең мен зейнетақымның соңғы тиынын да осы шаруаға құям. Мал басын азайтпай, осыларды аман ұстап тұрудың әрекетін жасағаным ғой. Мамыр басталысымен жылқылар оңалып келеді. Соған шүкір етемін. Шаруа оңай емес. Он жылдан асты, осы істі айналдырып, абырой тауып жүрміз. Қиын болса да атымызды дәлелдеп, ел-жұртқа таныттым. Қазір «Абсент» десе халық біледі. Ең таза әрі нағыз қымыз біздікі.

20-004

ҚЫМЫЗ ТЕК ҚАЗАҚТЫКІ!

«Қымызды неміс, бесбармақты француз патенттеп, қазақ ай қарап қалды» деген сөзге ел боп ашындық. Мұны естігенде Дүйсенбек ата да шыдап отыра алмапты. Немістің қымыз туралы айтып тұрғанын көріп, намыс-танып, ғалымдарға қолқа салады. «Неге оны өзіміз патенттемейміз?» деген сұрақты кесе-көлденең қойып, ақыры мақсатына жетеді. Қымыздың патентін заңды өндіруші ретінде иеленген. «Хан қымызға» патент алып отыр. Бірақ, ол мұнымен тоқтаған жоқ.

Шаруашылық М.Дулати атындағы ТарМУдың ғылым және жаңа технологиялар департаментімен бірігіп, қымыз өндірісін ғылыми тұрғыдан дамытып келеді. Бұл да атқарылған істің ең ауқымдысы. Нәтижесі де бар. Мәселен, былтырғы жылы Тараз, Алматы қалаларында қымыз өндірісін дамыту жөнінде халықаралық ғылыми конференция өткізіліпті. Мұрындық болған тағы Дүйсекең. «Патент алдық екен деп қарап отыруға болмайды. Таза қымызды өндірудің, таратудың, ұлт саулығын сақтаудың амал-әрекетін болдырудың жолынан қайтпаймын» деп қайсарлық танытып отыр. Қымыз оңай өндіріс емес. Биені әр екі сағат сайын сауып, баптау да өз алдына зор еңбек. Дүйсекеңнің «хан қымызы» бал татиды. Мұның сыры қымызды қазақша, яғни бұрынғы дәстүрлі қалпымен, табиғи заңдылығымен, қалып-қағидасымен ұлттық болмысымызға сай шығарылуында болса керек.

«Табиғи түрде болса технологияның қажеті не?» деген сұрақ туады. Оның сыры мынада екен. Қымызды екі күннен артық сақтай алмайсыз. Ашып, дәмі де бұзыла бастайды. Ал ғылыми тұрғыдан әбден сыналып, жетістікке жеткен «Абсенттің» қымызы 60 тәулік балғын күйінде тұра береді. Ғылымның керегі де осы еді. Жаңашылдықпен жолға қойылған іс қымызды енді пластикалық бөтелкеге құйып (Кедендік одақтың талабы бойынша), шет елге экспорт жасай алады. Қош, «хан қымызды» кім сұрап жатыр дерсіз. Жоғарыда айтылғандай кедендік Одақтың мемлекеттері мен Польша, Болгария елдеріне жөнелтіледі екен. Былтыр шет елге 13 тонна қымыз сатылған. Қаптаманың сыртына «Қазақстанда жасалған» деген жазу бар. Әлем енді расында да қымызды қазақтыкі деп біледі.

20-003

БІРІГУ КЕРЕКПІЗ

Қымыз – көп дертке дауа. Мұны қазақтан артық білетін адам жоқ десек те, жапон мен неміс ғалымдары соңғы кезде қатты қызығушылық танытып отыр. Неміс жағы косметика дайындаймыз деп ағынан жарылса, жапондар жағы құрғақ сүтке немесе таблеткаға айналдыру жолымен бас қатырып жүр. Бірақ оған телегей-теңіз қымыз қажет. Бие баптап, қымыз сауғанымен, қазақтыкіндей болмайтынын өздері мойындады. Біздің жер басқа, шөп өзгеше. Қымыз да құнарлы.

– Биыл Жамбыл, Жуалы аудандарының қымыз баптаушыларымен келісіп, тәулігіне екі тонна қымыз сатып алуды жоспарлап отырмыз. Бұл келісім ауыл азаматтарын жұмыспен елді қымызбен қамтамасыз етуге мүмкіндік ашар еді. Оңтүстік өңірімен де келісімге келсек, біріксек көп шаруаны тындыруға болар еді. Мәселен, бізде техника бар. Қымызды өңдеу, жылқыны баптау, жем-шөп дайындау жолындағы бар жабдық жеткілікті. Біздің шаруашылықта қазір қымыздың құнарын, майлылығы мен құрамын жік-жікке бөліп беретін керемет құрал бар. Алайда, мақтаулы қымыздың өзіне су қосып сататындар бар. Міне, осы мәселе түнгі ұйқымды төрт бөледі, – дейді Д.Ыбынәлиев.

– Көбейту керек. Қолжетімді ету керек. Бірақ сапалы болуын да қадағалау керек. Біз қымыздың литрін 500 теңгеден сатып жатырмыз. Қымызмұрындықты аман атқарып алған соң, ТарГУдың профессорларымен балалар тағамына енгізу мәселесімен айналыссақ деп отырмыз. 1 таблеткада 300 грамм қымыз болады. Аузыңа сал да, сауығып жүре бер. Ал балалардың жасанды тамағына қоссақ ше? Бала да балпақтай боп өспей ме? Міне, қарап жүргенше ел болып осы мәселені ойлауымыз қажет.

Адырдың басында Дүйсенбек атамен көп жүрдік. Әр биенің тұсына барғанда құлдырыңдаған құлынын балаша еркелетіп, айналып-толғанған мейіріміне қызығасың. Кетуге ыңғай білдірген тұста, сонадайда жалғыз тұрған биені көзіміз шалды. Толғатып тұрғандай болды.

20-005

– Анау жотадағы бие жалғыз тұр ғой, ата?

– Ә, айналайын-ау, құлындап жатқан ғой. Дүрбімді де ұмытыппын. Жүрші, барайықшы. Жылқышы мұны көрмеген де шығар.

Сабырсыз қалыппен тез көлігін от алдырды. Біз де қарғып мініп, бие жаққа бет алдық. Жақындай келе құлындағанын байқадық. Әлі аяққа тұрмапты. Анасынан жаңа туған құлыншақ. Маңдайында ақ қасқасы бар. Жылқы жарықтық таза мал ғой. Құлыны да тап-таза күйінде жатыр. Дүйсекең дереу жетіп барып, оны аяқтандырып, енесіне емізуге ұмтылды. Тәлтіреңдеп барып, нық тұрған құлынды әлгіндей  еркелетіп жатыр.

– Құт қонақ келсе, қой егіз табады дейді. Сендер келіп, мына бие құлындады. Өзі де ұрғашы екен. Ақмарал қояйын атын. Кеше Сәуірбек деген құлын туылған. Ал мынау сенің құрметіңе Ақмарал болсын. Әне, сенің атың Ақмарал, – деп ақ маңдайлы құлынды одан әрі еркелете түсті.

– Құлынның аты Ақмарал бола ма, Ақмаңдай болса да жарар еді?

– Жоқ, Ақмарал болсын, шырағым!

– Жарайды, Ақмарал болсын. Құтты болсын, құлыншақ!, – деп біз де жақындай түстік. Көздері мөп-мөлдір, момақан ғана Ақмарал бізді түсінгендей тапжылмай тұра қалды. Ал біз көтеріңкі көңіл күймен Дүйсекеңнің «Абсентінен» алыс-тай бердік. Бейнеті мол тірлігіне таңданып, табыс тіледік. Енді Ақмаралға да жиі келіп тұрамыз. Бал татыған хан қымызды ішіп тұратын боламыз.

Ақмарал Алтынбекқызы

«Оңтүстік Рабат», №20, 20.05.2015