Шымқалада жарыс көп. Ел чемпионаттары, халықаралық турнирлер бірінен соң бірі, іркес-тіркес өтіп жатыр осы күні. Әсіресе, жеңілатлетикалық манеждің бір сәтке болса да дамылдайтын кезі жоқ.
Жанкүйерлерге де керегі осы емес пе?! Бокстан әйелдер арасында ҚР спартакиадасы өтіп, бокссүйер қауым бір жасап қалған. Артынша қазақ боксының мақтанышы Әбдісалан Нұрмахановты еске алуға арналған халықаралық турнир де жанкүйерлерге қуаныш сыйлады.
ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, профессор Әбдісалан Нұрмахановтың қазақ боксына қосқан үлесі аз емес. КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері, 1993-1997 жылдары бокстан ҚР ұлттық құрамасының бас бапкері болған азаматтың есімін ел ұмытпайды. Ол кісінің жетекшілігімен Қазақстан құрамасы Атланта олимпиадасынан бір алтын, бір күміс және екі қола жүлде бөктеріп қайтқан. Осы дүрмекте Василий Жиров ең үздік боксшыға берілетін Вэлл Баркер кубогын иемденді. Тізе берсек, Әбідасалан ағаның халқына жасаған сыйы көп.
Нұрлан АҚҮРПЕКОВ, ҚР Еңбек сіңірген бапкері:
– Әбдісалан ағаның қазақ боксына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Оны ешқашан ұмытпауымыз керек. Әрі қарай да мәртебесін көтеріп, атын дәріптей беру – бәрімізге міндет. Жалпы, биылғы ұйымдастырылуы өте жақсы. Мұхтарханға өз рахметімді айтамын. Орталықта өткізейік деп Түркістаннан Шымкент қаласына ауыстырыпты. Бұл – құптарлық. Өте жоғары деңгейге жетті деп те айтуға әлі ерте. Бұрынғыға қарағанда жақсы өтті, дегенмен. Мұнда негізінен, өзбек, қырғыз ағайындар ғана келген. Шетел боксшыларын көбірек шақырсақ… Одан кейін, спорт шеберлігін орындайтын турнирге дейін жеткізсек. Кейбір салмақтарда боксшы өте аз, кейбірінде өте көп. Сол себептен жарыс алты күнге созылып кетті.
Халықаралық турнир ОҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы, облыстық мамандандырылған бокс мектебінің қолдауымен биыл 22-ші рет Жеңістің 70 жылдығына орай ұйымдастырылды. ОҚО мамандандырылған бокс мектебінің директоры, даңқты боксшы Мұхтархан Ділдәбеков биылғы турнирді облыс орталығында өткізуді құп көріпті. Өзі де ауыр салмақта бокстасып, Әбдісалан ағаның нағыз ізбасары болғандықтан жарыстың атырабын ұлғайтуды көздеп отыр. «Ұрпақтар сабақтастығы деген осы болар. Болашақта жоғары деңгейде өткізудің алғышарты деп білеміз мұны. Халықаралық турнир бұған дейін Түркістанда ұйымдастырылып келген-тін», – деді ол.
Тоқтарбек СӘМЕТОВ, ҚР Еңбек сіңірген бапкері:
– Әбдісалан ағаның турнирі осы жолы өте керемет өтті. Көп командалар үшін спартакиада алдындағы дайындықтың бір кезеңі бұл жарыс. Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облысынан басқасының бәрі қатысты. Қазақ елінің боксына үлкен еңбек сіңірген адам ғой. Кезінде ол кісінің жарыстарды ұтқанын естіп, қандай алып адам деп көз алдымызға елестететінбіз. Ол кезде теледидар жоқ. Радиодан естисің, газеттен оқисың. Кейіннен, ақырын шет-жағасын көрдік. Ұлттық құраманы басқарды. Әбекең ұйымдастыру қабілеті жоғары кісі еді. Ол кісінің атында турнир өтіп жатқанының өзі үлкен жұмыс. Бұған дейін деңгейі түсіп кетіп еді, шыны керек. Биыл Мұхтарханның мектебі жақсы өткізіп жатыр. Мұхтархан да елдің азаматы. Осылай өсіп-өркендей берсін бұл жарыс. Осы турнирден әлі талай дарындар шығатынына сенемін.
Еліміздің барлық өңірінен, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия, Қырғызстаннан жеткен 150-ден аса боксшы шаршы алаңның шырайын кіргізді. Ел чемпионы Әділет Құрметов, жастар арасында әлем чемпионы Шалқар Айқынбай, күміс жүлдегер Сұлтан Зауырбек сынды боксшылардың да әлеуетін бағамдадық. Әрі биылғы дода мамыр айының 21-26 аралығында Талдықорғанда өтетін ҚР спартакиадасы алдындағы дайындық кезеңі болды. Барлық облыс үшін де.
Жүлде қоры да қомақты. Әсіресе, аса ауыр салмақта топ жарған жамбылдық Нұрсұлтан Аманжоловқа ерекше сый-құрмет көрсетілді. Халықаралық турнир бір аптаға созылып, нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан облысы боксшылары озық шықты: үш алтын, екі күміс және бес қола жергілікті бокшылардың еншісінде. Қарағандыдан келген өрендер екі алтынға иелік етіп, үздік екінші орынға жайғасты. БҚО, Қостанай, Жамбыл облысы, Астана қаласының боксшыларының да алтынға қолы жетті. Өзбек ағайындар да бір алтынның иесі атанды.
Тағабай Қасым
«Оңтүстік Рабат», №19, 13.05.2015