Мақтаарал ауданында Ұлы жеңістің 70 жылдығына орай Әлия Молдағұлованың есімі берілген Мырзашөлдегі мектепте Қазақтың батыр қызына арнап биік тұғырға орнатылған бюст пен мемориалдық тақта ашылды.

004

Мемориалдық тақтаға осы ауылда туып өскен 45 соғыс ардагерлерінің есімдері жазылған. Мерекелік шараға Ақтөбе облысынан Әлияның сіңілісі Тәжен Нұрмұхамбетқызы арнайы келіп, қатысты.

Тәжен Нұрмұхамбетқызы: «Бұл патриоттық тәрбие беретін үлкен орда сияқты. Бұл жерден білім алған оқушылар өте қайырымды, мейірімді, Отанын қорғайтын үлкен азаматтар болады деп ойлаймын. Мәрмәр тұғырға орнатылған бюсттегі батырдың кейпі қатулы көрінеді. Біз көрген зұлмат заман қайта келмесе дегенді айтқысы келетіндей.»

Бюстті осы мектептен шыққан азаматтар өз қаржыларына тұрғызған. Айналасына осы ауылдан соғысқа аттанған ардагерлердің аты-жөні жазылған тас та орнатылды. Халқы тығыз орналасқан Мақтаарал ауданында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне түрлі құрмет көрсетіліп жатыр.

005

Жеңістің 70 жылдығына орай өз қалаулары бойынша біріне үй салынып берілді, енді біріне пәтер, көлік кілті табысталды. Ауданда ардагерлер қатары азайған.

Серік Тұрбеков, Мақтаарал ауданының әкімі: «Ауданнан 15 000-нан аса азамат соғысқа кетсе, соның 10 500-і қайта оралмады. Соларды еске түсіріп отырамыз. Бұны көрген жас ұрпақ осыдан тәрбие алады, осыған қарап бойын түзейді деп ойлаймын. Ардагерлерге көрсетіліп жатқан құрметтің арғы жағында жеткіншектердің тәрбиесі тұр. Мұндай шараға аса маңыз берілетіні де содан.»

24 кz