Нұрсейт Ибрагимов

«Отырар TV» телеарнасының «Бізде қонақта» тұрақты айдарының кезекті қонағы – суретші-педагог Нұрсейіт Ибрагимов.

"Әр үйдің төрінде менің суреттерім ілініп тұрса, сол мен үшін үлкен бақыт!"
Нұрсейт Ибрагимов – суретші

– Қош келіпсіз, ата. Бұрын сізді қаламыздағы Абай, Кең баба, Қиял әлемі сабақтарынан жиі көруші едік. Ал қазір көрінбейсіз… Қайда жүрсіз? Немен айналысудасыз?

– Ия, оның рас. Қалаға шығып, жиі серуендегенді жақсы көремін. Табиғат аясында сурет салған да ұнайды. Бірақ қазір уақытымның денін үйде өткіземін. Тапсырыс бойынша жұмыс жасаймын.

– Тапсырыс берушілер көбіне ненің суретін салдыртады сізге?

– Мен табиғат аясын бейнелегенді ұнатамын. Өйткені оның сұлулығынын сөзбен айтып жеткізе алмасаң, бояулар арқылы көрсетуге болады. Портреттерді де көп саламын. Әкесінің, анасының суреттерін салдыртады, көзі өмірден қайтқан жандардың да бейнелерін көп саламын.

– Сіз үшін әр салған суретіңіздің орны ерекше екені белгілі. Десек те, өзіңіздің өміріңізде ерекше бір мәнге ие суретіңіз бар ма?

– Мен сурет салғанда ол қандай да бір оқиғадан сыр шертіп тұрса екен деймін. Әр адам ол дүниені тамашалағанда өткенін есіне түсіріп немесе ой салатындай туындыны жасауға тырысамын. Тамашалаған адамға ләззат сыйлағанын қалаймын. Кейде өз өмірімде өзіндік орнын қалдырған жағдайларды қағаз бетіне түсіремін. Сондықтан жаныма жақын туындыларым өте көп.

– 8 жасыңызда бала қиялыңызбен Сталиннің суретін салған екенсіз. Ал биыл 78  жасқа қараған шағыңызда осы суретті қайта өңдеп, салып шығыпсыз…

– Мен «Сталин» колхозында туылдым. Ал 1945 жылы ағайларымның айтуымен «Огонек» журналының мұқабасына қарап, салып шықтым. Ол кезде мен бірінші сыныпта оқитынмын. Ал биыл сол салған суретімді көз алдыма елестетіп, қайта салып шықтым. Өйткені, ол – тарихта бар адам. Оның бұл жеңіске де қатысы бар екенін ешкім жоққа шығармайды.

– Суреттеріңіз қанша тұрады?

– Суреттің бағасы оның материалына, қолданатын бояуларға, көлеміне байланысты. Сондықтан қатып қалған баға жоқ.

– Осындай тамаша туындылар қашан өмірге келеді, жалпы, неден шабыт аласыз?

– Мен сурет салғанда барлық нәрсені ысырып қоямын, басқа ештеңе ойламауға тырысамын. Тек өз ойыңмен арпалысасың. Бірақ, белгілі бір уақытта таңдамаймын. Қай кезде шабытым келеді, сол кезде қолыма қалам алып, тез қағаз бетіне түсіруге тырысамын.

– Нұрсейіт ата, сіз тыл ардагерісіз. Сол қиын жылдары қайда еңбек еттіңіз?

– Қазіргі Сайрам ауданы, бұрынғы «Сталин» колхозында масақ тердік, қырманға тасыдық қаппен. Мақта шаптық, тердік. Мал бақтық. Істемеген жұмысымыз қалмады. Мен осы соғысты жақындатуда біз сияқты қаршадай балалардың да еңбегі зор болды деп ойлаймын.

– Отбасыңыз туралы айтып беріңізші…

– 1 ұл, 3 қызым бар. Қазір бала-шағаларым үйлі-баранды. 10 немерем бар. Жұбайым екеуміз сол немерелердің қызығын қызықтап жүрміз.

– Ал ұл-қыздарыңыздың ішінде сіздің жолыңызды қуып, өнеріңізді жалғастырып жүргендері бар ма?

-Бар. Бір қызым суретті жақсы салады. Бүгінде мектепте графикадан сабақ береді.

– Сізді қалай қуантуға болады? Қандай сый жаныңызға жақын?

– Әр қазақтың үйінің төрінде менің салған суреттерім ілініп тұрса, сол мен үшін үлкен бақыт, үлкен қуаныш!

– Әңгімеңізге рахмет! Өмірге тамаша туындыларыңыз келе берсін!