Оңтүстікқазақстандық полицейлер «Қауіпсіз қала» жедел-алдын алу іс-шарасы кезінде 6 мыңға жуық құқықбұзушылық пен қылмысты анықтады. Бұл рейд 21-23 мамыр аралығында жүргізілген болатын.
Негізгі мақсаты – қоғамдық тәртіпті сақтау, қоғамдық орындар мен көшелерде жасалатын қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық, тыйым салынған заттарды заңсыз сақтау жайттарын анықтау, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережесін сақтау. Аталған іс-шараға облыстық ішкі істер департаментінің 2000-нан астам қызметкері, білім беру саласының өкілдері және тағы басқа да сала қызметкерлері жұмылдырылды.
«Қауіпсіз қала» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері үш тәулік ішінде 300-ден астам қылмыстың бетін ашты, тыйым салынған заттарды заңсыз сақтау бойынша 15 жайтты анықтап, оның ішінде есірткі заттарын сақтау жайты бойынша 9 қылмысты анықтады. Сондай-ақ, 6 суық қару тәркіленіп алынды. Бұрын іздеуде жүрген 1 қылмыскер құрықталды.
Тексеру барысында тәртіп сақшылары 5500-ден астам әкімшілік құқықбұзушылықты тіркеді, оның ішінде ұсақ бұзақылық — 244. Тыныштықты бұзған — 9, қоғамдық орындарда бөтен адамдардың мазасын алған — 85, көшеттерге зақым келтірген 427 адамның тіркелгені мәлім болды.
Сонымен қатар белгіленбеген жерлерде шылым шеккен — 642 адам, алкогольді ішімдік ішкен немесе қоғамдық орындарда мас халде жүрген 297 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ювеналды полиция қызметкерлері түнгі сағат 11:00-ден кейін үлкендердің қарауынсыз жүрген 230 жасөспірімді анықтап, оның ішінде түнгі уақытта жасөспірімнің ойынханада жүруі бойынша 3 жайтты тіркеді.
21 жасқа толмағандарға азаматтардың ішімдік сатуы бойынша 6 жайт анықталды. Облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 21 жасөспірім жеткізілді.
Облыс орталығының жолдарында полиция қызметкерлері 1400-ден астам жол қозғалысы қатысушыларының жіберген әкімшілік бұзушығын тіркеді. Сонымен қатар жол-патрульді полиция қызметкерлері жылдамдық тәртібін бұзғаны үшін — 87, қарсы бағыттағы жолға шығып кеткен 12 және алкогольді ішімдік ішіп автокөлік басқарған 30 жүргізушіні әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Рейдтік іс-шара барысында қауіпсіздік белдігін пайдаланбаған — 740 жүргізуші, автокөлік басқару кезінде ұялы телефон пайдаланған 503 жүргізуші анықталды. 343 автокөлік ақылы айыптұрағына жеткізді.
«Қауіпсіз қала» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында көші-қон полициясы басқармасының қызметкерлері көші-қон заңнамасын бұзу және Қазақстан Республикасының аумағына заңсыз келуге қатысты 500-ден астам жайтты анықтады. 147 шетелдік азамат ішкі істер департаментінің қабылдап-тарату бөліміне жеткізілді.