«Үйді жөндеудегі кемшілікті мердігер қалпына келтіруге міндетті»

«Отырар-TV» телеарнасының тұрақты «Бізде қонақта» айдарының кезекті қонағы – Шымкент қалалық тұрғын үй инспекциясының заңгері Тимур Асылбекұлы Қымқашев.


— Студиямызға хош келіпсіз! Осыдан бірнеше жыл бұрын «Көпқабатты тұрғын үйлерді қайта жөндеуден өткізу, жаңарту» бағдарламасы қолға алынған болатын. Осы бағдарлама Оңтүстік өңірінде қалай жүзеге асуда?

-Биыл 2015 жылғы республикалық бюджеттен бөлінген несие есебінен Шымкент қаласында 33 тұрғын үйді күрделі жөндеу жоспарланып отыр. Жалпы сомасы 252,1 млн теңге бөлінген.

— Ал инспекция бағдарламаны жүзеге асыруда нендей қызмет атқарады?

— Біздің мекеменің атқаратын негізгі функциясы — бақылау. Жаңарту бағдарламасының уақтылы, сапалы орындалуын қадағалап, бақылайды.

— Ал жөнделуі тиіс үйлер қалай анықталады?

— Жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін алдымен пәтер иелерінің келісімі қажет. Яғни, тек келісімнің негізінде ғана жөндеу жұмыстары басталады. Ол үшін тұрғындар өзара жиналыс өткізіп, қорытындысының нәтижесінде хаттама толтырылады.  Хаттама негізінде біз тізім түзіп, кестесін жасаймыз. Тек содан кейін үйлердің жағдайына орай актілер жүргіземіз. Одан кейін арнайы рұқсаты бар жобалаушы мекемелер техникалық зерттеу жұмыстарына кіріседі. Осы зерттеуден кейін қандай жөндеу жұмыстары қажет екені анықталады.

— Жөндеу жұмыстарына жұмсалған қаржыны тұрғындардың өздері төлейтіні белгілі. Яғни, несие рәсімдеу арқылы қаржы мемлекетке қайтарылады. Осы несиелеу туралы толығырақ айтып берсеңіз…

— Несие республикалық бюджеттен қайтарымды несие түрінде келіп түседі. Яғни тұрғындар ол қаржыны 8-15 жыл аралығында пайызсыз төлейді. Тиімділігі де осында — қаржы пайызсыз қайтарылады.

— Мұндай жөндеу жұмыстарына қарсы, яғни ол несиені төлемеймін немесе төлей алмаймын дейтін тұрғындар да кездеседі. Мұндай жағдайда не істейсіздер?

— Алдын ала жұмыс басталмас бұрын тұрғындар өздерінің келісімін береді. Егер оны құптайтын адамдардың үштен екі бөлігі рұқсатын берсе, біз жұмысымызды бастаймыз. Ал қалған бір бөлігі, егер, басқа несиелерім бар, төлей алмаймын деп бас тартқан жағдайда, өзге де жеңілдіктер қарастырылған. Әлеуметтік аз қамтылған тұрғындарға, тұрмыстық жағдайы анықталғанна кейін тұрғын үй көмегі көрсетіледі.

— Қаламызда бүгінгі таңда үйлерді жөндеу жұмыстарынан кейін арада көп уақыт өтпей-ақ түрлі олқылықтар шығып жатыр. Шатырынан су өтіп кетіп жатыр дегендей… Осындай кезде не істеу керек? Орын алған олқылықтардың орнын кім түзейді, ол шығынды кім өтейді?

-Алдымен тұрғын үй инспекциясы тарапынан зерттеу жүргізіледі. Егер ондай кемшіліктер анықталып жатса, мердігерге тапсырма береміз және белгілі бір берілген мерзімде қайта қалпына келтіруге міндеттейміз. Кепілдеме бойынша сол жұмысты атқарған мердігер өз есебінен 3 жыл көлемінде қайта қалпына келтіруге тиіс.

— Биылғы жөндеу жұмыстары қашан басталады?

— Көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеу жұмыстары 1 маусымнан басталады деп жоспарланған. Бағдарлама бастау алған 2011 жыл мен 2014 жылдар аралығында шаһарымызда 72 үй жөндеуден өтсе, биыл 32 баспана кезекте тұр. Тәуке хан даңғылы мен Әл Фараби, Абай ауданында орналасқан бірнеше үйлер алдағы жоспарымызда бар.

— Сұхбатыңызға рахмет!