Әскери мектеп-интернатта оқығың келе ме?

19-024Шымкент қаласындағы С.Рахымов атындағы әскери мектеп-интернаттың шаңырағынан отыз жыл ішінде 3000-нан астам жас түлеп ұшып, жұмысқа орналасқан. Мектепті бітіргендер ел аумағында, алыс және жақын шетелдердегі жоғары оқу орындарында біліктілігін жалғастырып жүр. Әскери білімін жетілдіргендер республикалық Қарулы Күштерінің түрлі салаларында қызмет етеді.

Әскери мектеп-интернат-қа  8,9-сыныптарды  бітірген, денсаулығы жарамды және Қазақстан Республикасының Қарулы Көштерінің офицері болуды қалайтын оқушылар қабылданады.

Оқуға түсу үшін талапкерлердің құжаттарын қабылдау  маусымның 1-і мен 30-ы аралығында жүргізіледі. Құжаттарын толық өткізген талапкер оқуға түсу емтиханын тапсыруға жіберіледі. Емтихан тапсыруға келген оқушылардың барлығы Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігінің әскери медициналық комиссиясының тексеруінен өтеді. Мектептегі оқу бағдарламасы бойынша математикадан (тест), қалауы бойынша қазақ тілі мен әдебиеті немесе орыс тілі мен әдебиетінен (тест), дене тәрбиесінен емтихан тапсырады. Конкурстан өткен талапкерлер әскери мектеп-интернатқа қабылданып, тегін жатақханамен, тамақ және киіммен қамтамасыз етіледі.

19-025

Мектепті жақсы аяқтаған оқушыларға ел аумағындағы, жақын және алыс шет елдердегі әскери жоғары оқу орындарына оқуға түсуге жолдама беріледі.

Қабылдауға ұсынылатын құжаттар:

– оқушының әскери мектеп-интернат басшысына өтініші;

– туу туралы куәліктің нотариус арқылы расталған көшірмесі (2 дана);

– мектеп директоры және сынып жетекшісі берген мінездеме;

– психоневрологиялық, тері-венерологиялық, наркологиялық және туберкулез диспансерінен анықтама;

– ата-анасының жұмыс орнынан анықтама;

– тұратын жерінен және отбасы құрамы туралы анықтама;

– кәмелет жасқа толмағандар ісі жөніндегі инспекциясынан анықтама;

– талапкердің жеке сәйкестендіру номері (ЖСН);

– тұрғылықты жердегі қорғаныс істер басқармасына әскери дәрігерлік комиссиядан әскери мектеп-интернатқа түсуге жарамдылығы және денсаулығы жөнінде берілген дәрігерлік анықтама;

а) жүрек ақауы бар немесе жоқтығы жөніндегі электрокардиограмма (сипаттамасымен);

ә) мұрынның ішкі қуысының рентгені (сипаттамасымен);

б) кеуде қуысы мүшелерінің флюграфиясы (сипаттамасымен);

в) жалпы қан, зәр, нәжіс анализдері;

г) клиникалық қан анализі (резус фактор, қан тобы, микрореакция);

д) ЖҚТБ (СПИД) белгісіне тексеруден өту;

е) ішек құрттарының және дизентериялық анализі;

– бас киімсіз 3х4 суреттен 4 дана;

– оқушының жеке қағазы (мектептен), 1-ші сыныптан бергі табелі;

– Негізгі орта білімі туралы куәліктің нотариус тарапынан расталған көшірмесі (9 сыныптар үшін);

– профилактикалық егу жөніндегі медициналық кітапша (N 63 формасы);

– 15 жасқа толған амбулаториялық аурудың жеке кітапшасы (N 026у тіркеу формасы), (N 025-Ю тіркеу формасы);

Лаура Сапарбекова

«Оңтүстік Рабат», №19, 13.05.2015