70 жылдықты көре алмай кетті

Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне орай атамның, әкемнің есімі ескерусіз қалмасын деп редакцияға түрлі құжаттарын, суреттерін арқалып келіп жатқандар көп. Сайлаукүл Есіркепова сондай жандардың бірі.

– Сіздердің газеттеріңіздің әр нөмірінде соғыс ардагерлері жайлы мақалалар жарыққа шығып жатыр. Осыны көре салып әкемнің майданда көрсеткен ерліктерін еске алып, атын бір жаңғыртсам деп редакцияға келіп отырмын, – деп бастады әңгімесін Сайлаукүл Есіркепова.

19-026

Сайлаукүл апаның айтуынша, әкесі Қонақбай Есіркепов (суретте) соғысқа аттанғанда жап-жас жігіт болған. Адамды адам аяусыз өлтіруі дегенді өңі түгілі түсінде көрмеген ол басында есеңгіреп қалыпты. Алайда, жау жағадан алғанда, барлық ерік-жігерін қолға алып оқ пен оттың ортасына кірген екен.

– Әкем соғысқа кіргенде жау қоршауында қалған – Ленинградты азат ету жолында кескілескен шайқас жүріп жатқан шақ болатын. Осылайша ол Кеңес әскерлерінің қаһарман жауынгерлері қатарында соғыстың нағыз қайнап жатқан ошағына келіп түсіпті. Майдан даласының ең қиын шебінде шыңдалған ол пулеметінен жауға оқ жаудырып, қаншама фашисті жер жастандырған. Осындай қиян-кескі шайқастарда өзі де бірнеше рет жараланып әскери госпитальда емделіпті, – дейді Сайлаукүл апа. – Осындай ұрыстардың бірінде әкем ауыр жараланыпты. Бірнеше ай емделгеннен кейін ол тағы да ұрысқа қатысып, Старая Русь жеріндегі шайқаста тағы да жарақат алады. Жарақаты ауыр болған соң жорықты жалғастыруға мүмкіндігі болмай елге қайтқан.

– Әкем көзі ашық, көкірегіне түйгені мол кісі еді. Еңбекқор, мінезі жайдарлы, бауырмал болатын. Үйде байыз тауып отыра алмайтын, шаруақор жан еді. Жас ғұмырын соғыс оты шарпыса да Отан үшін от кешкенін азаматтық борышы деп біліп, ешкімнен көмек сұраған жан емес. Майдан жорықтары жайлы да әңгімелеуді ұната бермейтін. Кейде сол кездерді айтып отырып, үнсіз қалатын. Сол кезде көзіне іркіліп жас келетін, – деп әкесі жайлы естеліктермен бөліскен Сайлаукүл апа да көз жасын бір сығып алды.

1946 жылы соғыстан оралған ардагер туып-өскен жері Алғабас (Қазіргі Бәйдібек) аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінде, аудандық партия комитетінде, атқарушы органдарда басшылық қызмет атқарған.

Сегіз перзент өсіріп, тәрбиелеген Қонақбай ата 2005 жылы дүниеден өтіпті. Ал ардагер атаның ұрпақтары бүгінде бір қауым елге айналып отыр.

Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №19, 13.05.2015