«Айкөл Манас» жыры қазақ тілінде жарыққа шықты

587

Түркі жұртының рухани ордасына айналған Түркістан жерінде тағы бір рухани құндылықтың тұсауы кесілді. Мұнда қырғыздың әйгілі «Манас» жырының «Айкөл Манас» атымен қайта жырланған он томдығы қазақ тілінде жарыққа шықты. Аталмыш туынды шаһардағы «Түркі халықтар кітапханасында» тұсауы кесілді.

Басқосуға белгілі ғалымдар, студенттер, қалалық кітапхана қызметкерлері мен арнайы қырғыз елінен келген мәдениет қайраткерлері қатысты. Он томдық «Айкөл Манас» жырын Манасты алғаш жырлаушы әйгілі Жайсаң Үмөтұлының негізінде аян арқылы Бүбі Мариям Мұсақызы жырлаған. Бұл кітапты қазақ тіліне аударған — Назарбек Байжігітов.

-Түркістанға келіп, өзгеше бір рухтың бар екенін сезінгендеймін,- дейді қырғыз елінің белгілі кинорежиссері Эрнест Абдужаппаров. — Манас жыры айтылғанда оны алғаш қағазға түсірген қазақтың көрнекті ғалымы Шоқан Уәлихановты және жырдың жолын ашқан Мұхтар Әуезовтей дара тұлғаны айтпай кетуге болмайды. «Айкөл Манас» дастаны манасшылар айтып келген көптеген нұсқалары қамтылмаған тың деректерді құрады. Бүбі Мариям Мұсақызының жазбаша нұсқасында бұрын бұрмаланып келген мәліметтер түзетіліп, аттары ұмытылған батырлар ұрпақтармен қайта қауышты.

-«Манас» жырын түбі бір түркі елдерінің ортақ мұрасы деп есептейміз. Сондықтан бұл кітап бауырлас қазақ елінің, қазақ оқырмандарының қызығушылығын тудырады, — деді қырғыз жазушысы Жұмаділ Қадыров.

Түркістан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі