Арнайы құралдардың көмегімен 350 миллион теңге айыппұл салынды

368

Шымкент қаласында жыл басынан бері «Интеллектуалды қиылыс» және жылдамдық өлшеуіш қондырғылардың көмегімен 60 мыңға жуық құқықбұзушылық тіркелді. Бұл туралы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Биыл Шымкент қаласында көлік көп жиналатын көше қиылыстарында жол ережесін бұзғандарды автоматты түрде анықтайтын «Интеллектуалды қиылыс» жүйесі орнатылды. Аталған жүйе бағдаршамның қызыл немесе сары түсі жанғанда қиылыстан өткендерді, тоқтау жолағынан өткендерді және қарсы бағытқа шыққандарды, тағы басқа да құқықбұзушылықтарды ОҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасының процессинг орталығының дерекқорына автоматты түрде жазып алып, сақтайды.

002

Жол жүру ережелерін бұзу фактілерін тіркеу бағдаршамның сигналы және ереже бұзу фактісін көруге мүмкіндік беретін барлау камерасына түсірілген оқиғаның бейнежазбасы арқылы жүзеге асырылады. Бейнежазба түсіру мүмкіндігі жоғары бейнекамера автокөліктің мемлекеттік нөмірін тіркеуді қамтамасыз етеді, ол өз кезегінде жекелеген жағдайларда автокөлікті айдап кету сияқты түрлі қылмыстарды айқындауға және ашуға мүмкіндік береді.

Сосын арнаулы компьютерлік бағдарлама инспектордың қатысуынсыз құқықбұзушылықтың бейне-фотосәтімен ұйғарым әзірлейді, ол жөнінде кейінірек құқықбұзушыға почта арқылы жіберіледі.

Сонымен қатар Шымкент қаласында «Редспид» автоматты жүйесі қолданысқа енгізілген. Аталған техникалық құрал жылдамдық тәртібін, тоқтау ережесін сақтамау секілді құқықбұзушылық әрекеттерін адам факторынсыз-ақ тіркеуге мүмкіндік берді.

Жүйені орнату кезінде мынандай факторлар ескеріледі: аумақтың апаттық ахуалы, жүргіншілер жолының ені, тұрғын үйлер аймағы, балалар және ойын-сауық орталықтарының жақындығы, қозғалыстың қарқындылығы, аталған аймақта жүргізушілердің жол ережесін бұзуы және жаяу жүргінші қозғалысын бақылап отыру.

2015 жылдың басынан бері жоғарыда аталған жүйенің көмегімен 60 мыңнан астам ереже бұзу фактісі анықталып, соңында 30 әкімшілік айыппұл хаттамасы толтырылып, 350 миллион теңге айыппұл салынған.

Бүгінгі таңда ереже бұзушылардан 15 мыңнан астам айыппұл, яғни 220 миллион теңге өндірілу мәселесі қарастырылуда.

Салынған әкімшілік айыппұлдарды өндіру және әкімшілік жауапкершілікке тарту жұмысын жақсарту мақсатында Қазақстан Республикасы әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 894-895 бабына сәйкес полиция қызметкерлері мәжбүрлі түрде салынған айыппұлдарды төлеу бойынша қазіргі таңда 70 миллион теңгеден астам өндірілуі тиіс 5 мың ұйғарымды сот орындаушыларына жолдады.

Полиция қызметкерлері аталған жүйе облыс орталығындағы жүргізушілер арасында орын алатын адам өлімі мен жарақат алу жайттарын азайтуға өзінің оң нәтижесін береді деген үмітте. Ал жүргізушілер бұл жүйені біліп, ережені бұзбауға тырысулары тиіс, Бұл жүйенің басты мақсаты тәртіп тұзудың алдын алу, жол жүру ережесін бақылап отыруы болып отыр.