«Беласар» шаруа қожалығының төрағасы, республикалық «Парыз» конкурсының дипломанты Жолбарыс Сейділлаев Шардара ауданында «Сыбаға» бағдарламасы бойынша мал басын асылдандыруға әрекет жасаған алғашқылардың бірі. Ол асыл тұқымды ірі қара өсірумен бірге мал бордақылау ісін де қатар алып келе жатқан азамат. Істі қалай, неден бастады? Бізді қызықтырған осы сауалдар еді…
– Менің кәсіпкерлікпен шұғылданып келе жатқаныма бірнеше жыл болды. Еліміз егемендік алғанға дейін аудандық мұнайбазаға қарасты «Қазақстан» кеңшарындағы жанармай бекетінде аға оператор болып еңбек еттім. Одан бұрын күріш алқабында «ЗИЛ» автокөлігімен астық тасыдым. 1996 жылы кеңшар тараған соң пай үлесіме 11 гектар суармалы жер алдым. Ол жерге күріш те, мақта мен жоңышқа, бау-бақша да ектім. Бағасы жоғары болған соң мақта егуге біржола бет бұрдым. Нарық заманы басталғанда мемлекет тарапынан қазіргідей жеңілдіктердің бірі де болған жоқ. «Сыбаға» бағдарламасы өмірге келгенде бірден тәуекел деп іске кірістім, — дейді Жолбарыс Сейділлаев.
– «Сыбаға» бағдарламасы қандай жағынан тиімді деп айтасыз?
– Шаруалардың игілігі үшін жасалған бұл бағдарламамен 2011 жылы таныс-тым. «Сыбаға» арқылы беріліп жатқан жеңілдікті неге пайдаланбасқа деп ойладым. «Қазагроқаржы» серіктестігінен несие алу үшін құжаттарымды дайындадым. Оған кепілге жылжымайтын мүліктерімді қойдым. Үй-жайымды, кәсіпкерлік нысандарымды тиісті мамандар есептеп, бағасын шығарды да, несие ретінде соның 40 пайыз сомасын 18 млн теңге қаржы алдым. Жылдық өсімі 6 пайыз. 18 млн-ның 15 млн 300 мың теңгесі аналық бас алуға, 2 млн 700 мың теңгесі асыл тұқымды бұқа алуға берілді. Тағы бір жеңілдігі – екі жыл бойына мен тек үстіндегі 6 пайыз өсімін ғана төлеп отырдым. Содан кейін барып, негізгі қарызбен қосып, шегеріп төлей бастадым. Несиені 7 жылға алған болсам, бүгінгі таңда 5 жылы өтті. Қазіргі күні асыл тұқымды бұқаға алған қарызымнан құтылып үлгердім. Аналық бас алу үшін алған 15 млн теңгенің де 3 млн теңгесін төлеп қойдым.
Несие алған 2012 жылы 6 бас асыл тұқымды бұқаны Ресейдің Алтай өлкесінен алдырдым. Тұқымы «Герофорд» деп аталады. Басы ақ, басқа жағы қызыл болып келетін бұл етті тұқымнан қазақтың ақбас сиырының тұқымын шығарған деседі. Сосын жергілікті тұқымнан 90 бас, келесі жылы тағы да 90 бас аналық сиыр сатып алдым. Бағдарламаның шарты бойынша әр бұқаға 30 бас аналық сиырдан болу керек болған соң 180 бас жергілікті сиыр алып, әлгі «Герофорд» бұқаларын соларға қостым. Мақсат – асыл тұқымды бұқалар арқылы жергілікті малды асылдандыру. Малды асылдандыру бір жылда бола салатын тірлік емес. Мысалы, асыл тұқымды бұқадан тоқтаған аналық сиырдан туған төл 50 пайыз тазарған болып есептеледі. Енді осы төлдің ұрғашысы жетіліп, тағы да асыл тұқымды бұқаға түседі. Одан туған төл 70 пайыз асылдан-дырылған болып есептеледі. Енді осы үшінші ұрпақтан туған төл 90 пайыз таза болады да, келесі төртінші ұрпақтан туған төл ғана 100 пайыз асыл тұқымды мал болып есептеледі. Сонда малыңыз толықтай тазарып, асылдану үшін шамамен он жылдан аса уақыт кетеді екен. Әрине, аз мезгіл емес. Есесіне сіздің шаруашылығыңызға – асыл тұқымды мал шаруашылығы деген статус беріледі. Ал, асыл тұқымды мал мен қарапайым малдың арасындағы айырмашылық аспан мен жердей.
Мемлекет осының бәрін есептеп отыр. Асыл тұқымды бұқаға екі реттен әрқайсысына 154 мыңнан, ал, аналық бастарға жыл сайын 18 мыңнан субсидия береді. Алға қойған мақсат белгілі – жергілікті кәшекі малды сапалы да асыл тұқымды малға айналдыру. Бұқаға екі-ақ рет субсидия беретін себебі – осы екі жылдан кейін оны ауыс-тыру қажет болады. Себебі, қан тазалығына байланысты табынға басқа жақтан бұқа әкеліп қосу керек.
– «Герофорд» тұқымының ерекшелігі қандай? Біздің өңірге жерсінуі қалай болды? Одан туған төлдер бар ма?
– Бұл тұқым етті бағыттағы мал болып есептеледі. Оның тірі салмағы 1 тоннаға дейін баратын болғасын, пайдасын есептей беріңіз. Мен оларды күзде, салқын түскен кезде әкелдім. Біздің Қызылдың құмы жазда күйіп тұратындықтан, қыркүйек, қазан айларында ғана салқын түседі ғой. Әрі бұл кезде егістік алқаптары босап, малды жайып жіберуге қолайлы кез. Осындай малдың бәрі емін-еркін жайылып жүретін күз айында әкеліп, табынға қостым. Ірі тұқымды малдың бір ерекшелігі – шөп талғамайды екен. Алдындағы жантақ па, қамыс па, бәрін қорек қыла береді. Мұндайды бізде «қора мал» дейді ғой. Қорада тұрғанда бір өзі былайғы үш сиырдың жегенін жейді. Желтоқсан айында бұқаға түскен сиырлар келесі жылы бұзаулай бастады. Сол кезде қиындық болды. Өйткені, бұзау ірі, 25-35 келінің айналасы. Жергілікті сиырларымыз қиналып туды. Бірен-сараны тұншығып өліп қалды. Бірінші жылы алған 90 бас аналықтың 70-тейі бұзаулады.
Екі жылдан соң ол бұқаларды сатып, басқасын алдым. Қостанай облысы, Әулиекөл ауданынан «Әулиекөл» деп аталатын тұқымнан 6 бас әкелдім. Бұл да етті бағыттағы тұқым болып саналады. Бірақ, «Герефордқа» қарағанда шыдамды. Себебі, бірінші алған бұқаларым құмның ыстығына әзер шыдағандай болды. 3 жасар кезінде етке өткіздім сол бұқаларды. Әрқайсысы 570 келіден таза ет берді. Бұл қайта ауа-райының ыстықтығынан онша өспей қалған түрі. Әйтпесе, «Герефорд» тұқымының 3 жасар кезде қандай болатынын Ресейде көргенмін. Биіктігі орасан, тура қораның қабырғасына жетеқабыл болатын. 570 келі деген де біз үшін үлкен көрсеткіш қой. Бұрын ауылдағы сиырды бордақылағанда ең семіргенінің өзі 250-300 келі ет бермейтін бе еді? 400-500 келі деген қиялға да келмейтін салмақ еді. Сол «Сыбағаның» арқасында таза тұқымды өзіміз де асырап, бордақылап көрдік. Малға деген көзқарасты түбегейлі өзгертіп жіберді. Енді мен де айналадағы адамдарға «мемлекеттің жасап жатқан жеңілдігін пайдаланып қал», деп отыратын болдым. Біз жақта қара малдың басы бар ғой, шүкіршілік. Бірақ, әйтеуір аты сиыр ма сиыр деп жүре беріппіз. Не сүт беріп жарытпайды, не ет беріп жарытпайды. Жайылым тола сиырымыз болғанға мәзбіз әшейін.
Ауылдағылардың да бүгінде көздері жетіп келеді. Өйткені айналадағы адамдардың жұмысын көріп жатыр ғой. Мысалы, біздің осы сиырлардан туылып жатқан тана-торпақты базарға шығарсақ, 7-8 айлық тананың өзін 150 мың теңгеден машинадан түсірмей қағып алып кетеді. Бұл әлі толық асылданып, тазармаған түрі. Ал, жұрттың кәдімгі сиырының бір жасар танасы ары кетсе 80-90 мың теңгеге зорға өтеді.
О бастағы жергілікті 180 бас сиырды кейіннен туылған аналық бастармен алмастыра отырып, сұрыптап келемін. Қазіргі таңда менің шаруашылығымдағы аналық бастардың жартысын 50 пайыз тазартып үлгердік. Осы 50 пайыз асылданған қашарлар бүгінгі күні бұқаға түсіп жатыр. Құдай қаласа, олардың туған төлі, мана айтып өткенімдей, 70 пайыз асыл тұқымды болып саналады. Бұл да жақсы нәтиже. Осылайша сатылап отырып, түгелдей асыл тұқымды аналық басқа айналдырамыз.
– Сіз сонымен қатар бордақылау алаңын ашып та жұмыс жүргізіп келесіз. Оның нәтижесі қандай? Өнімді қалай, қайда өткізіп жатырсыз?
– Бордақылау алаңын салу уақыт талабына байланысты болды. Ақыры мал басын көбейтіп, әрі асылдандыру үшін жұмыс жасап отырмын. Негізінен ол малды көбінесе далада жаямыз. Ал, жайылымдағы мал қорада бордақылағанға жетпейді, сол күйі апарып саудаға шығарсаң арзан болады. Сондықтан да 2013 жылы мал бордақылау алаңын аштым. 70 бас ірі қараға, 250 бас ұсақ малға арналған. Сол жылы барлығы 150-дей ірі қара байлап (бір жылда 75 бастан екі рет), етін өткіздім. Қазір де ол істі жүйелі түрде жүргізіп келемін.
Малдың ірі салмақтыларын Сайрам ауданына апарып өткіземіз. Ал, біздің ауданға жақыны – Келес өңірі мен Арыс қаласында арнайы мал сою цехтары бар, сонда апарамыз. Сол жерде еттің бір келісін 900-920 теңге аралығында өткіземіз. Бас-сирақ, ішек-қарын, тері дегендерді қасапшыларға тегін тарту жасап кетеміз. Мен алғашқы алты бұқамды апарып өткізгенде бір бас ала алмай діңкем құрыған. «Ай, айналайындар-ау, Зеңгі бабаға құран оқытайын деп ниет қылып едім, бір малымның басын беріңдерші» деп жүріп, ақшасына сатып алғамын. Сөйтсем, бас-сирақ дегендерің қып-қызыл ақша екен ғой. Оны Шымкент қаласында өзіміз ет сатқанда көрдік. Сонда есептеп көрдік, жай бас-сирақ пен ішек-қарындардың өзі 30-40 мың теңгені құрайды екен. Енді есептей беріңіз, әр сиырдан осынша ақшаны мал сою цехына тастап кетіп жатырмыз. Бұл да қазірге ысыраптың бірі.
Солтүстік өңірдегілер асыл тұқымды мал шаруашылығымен ежелден бері айналысып келетіндіктен, қазіргі кезде барлық істерін жақсы жолға қойып алған. Сол жаққа барып-келіп көріп жүрмін ғой, бордақыланған малдарының етін Ресейге шығарады. Бір ет, бір май болып қатарланып келетін аса сапалы еттің түрін «мраморная» деп атайды. Осы сорттағы етті Санкт-Петербор, Мәскеу қалаларына әр келісін 4-5 мың теңгеден өткізіп жатқандарын көріп, таңдай қақтым.
– Сиыр болған соң сүт өнімдерін неге өндірмейміз деген мәселенің де шеті қылтияды. 180 бас аналық деген аз сиыр емес қой?
– Сұрағыңыз орынды. Сүт өнімін өндіруге болады. Бірақ оған көп нәрсе керек. Жыл он екі ай тұрақты түрде сүт сауып отыру үшін сауын сиырға мол азық керек. Ол үшін менде кемі 100 гектардай жем-шөп өсіріп отыратын суармалы жер телімін болуы қажет. Сөздің басында 11 гектар пай үлесім бар дедім ғой. Қазір оған тағы да қосымша арендаға жер алып, жоңышқа, жүгері өсіріп, малға азық қылып келемін. Ал, өз алдыма 100 гектар жерім болса онда жем-шөп мәселесі шешілген болар еді. Бұл жоспарымда бар нәрсе, алдағы уақытта іске асып қалар деп отырмын. Сонда сүт өнімдерін өзімізде өңдеп, түрлі өнімдерді шығаруға мүмкіндік туатын еді.
– Сіз секілді мал шаруашылығын өркендетемін деушілерге қандай кеңес бересіз?
– Қазіргі таңда кәсіпкерлікті өрістетуге кең жол ашылып отыр ғой. Барлық ауданда осындай бөлімдер бар. Сол жердегі мамандар қандай құжаттар керегін тәптіштеп түсіндіріп береді. Ең бастысы – үлкен сомада несие алу үшін соған лайықты кепілге қоятын мүлкің болу керек. Барлық деңгейдегі банктер осыны талап етеді. Көпшілік азаматтар «кепілге қоятын мұндай мүлкіміз жоқ», дейді. Үлкен сомада несие алу мүмкін болмаса шағын несие алуға болады ғой. Қазір 3 млн теңгеге дейін несиені тұрғын үйді кепілге қойып-ақ жұрт алып жатыр. Осындай жолмен аз мөлшерде мал алып, жұмысты бастауға әбден болады. Тіпті бір сиыры барлар да асылдандыру ісіне көңіл аударғаны дұрыс дер едім. Қазір әр ауылда қолдан ұрықтандыру бекеттерін үкімет есебінен салып берген. Сол бекетке барса болмашы ақшаға ұрықтандырып береді. Өстіп те сұрыптап алуға болады.
Мал шаруашылығы – біздің ата кәсібіміз. Кезінде осы кәсібімізден біраз қол үзіп қалдық. Енді қайта жалғауға мүмкіндік туып отыр. «Сыбағадан» бөлек қойды асылдандыру үшін – «Алтын асық», жылқыны асылдандыру үшін «Құлан» деп аталатын бағдарламар бар. Үкімет не керектің бәрін беріп жатыр, істеп жатыр. Үлкен несие болса – үлкен несие, шағын несие болса – шағын несие. Тек соның көзін тауып істей білуіміз қажет. Ауыл қазағына деген бүгінгідей қамқорлықтар ешуақытта да болған емес.
– Сіз жақында «Парыз» конкурсының дипломымен марапатталдыңыз. Одан бұрын облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың өкімімен «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалін де өңіріңізге қададыңыз…
– Облыс әкімінің медалін 2013 жылы иелендім. Ал, «Парыз» конкурсына аудандық жұмыспен қамту орталығы құжаттарымды даярлап жіберіпті. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде осы конкурстың диполомымен марапаттады. Кәсіпкерлікпен шұғылданып келе жатқандықтан ауылдағы тұрмысы төмен отбасылардың жағдайына қарасып тұруды өзімнің адамгершілік борышым деп есептеймін. Жыл сайын 40-50 отбасыға ұн, 30 отбасыға ет, тағы біраз жанұяға көмір, біраз оқушыға киім-кешек әперіп отырамын. Алла маған осындай кәсіпті нәсіп қылған екен, мен де шамам келгенінше жетім-жесірге жәрдем жасауым керек деп ойлаймын. «Садақаңды сауыңда бер» — дегендей, әрқайсысымыз айналамыздағы көмекке зәру жандарға қол ұшымызды созып отырсақ ол да сауапты тірліктің бірі болар еді.
– Жолбарыс аға, уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге алғыс айтамыз. Бастаған ісіңіздің жемісін көре беріңіз.
Әділ ӘБДІРАМАНОВ, Шардара ауданы
«Оңтүстік Рабат», №17, 29.04.2015