Облысымызда екі күннен бері іс-сапармен жүрген Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Түркістандағы қалалық балалар ауруханасына ат басын тіреді. Алдымен адам өміріне жауапты ақхалаттылардың хал-жағдайын сұрап, оларға артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр екенін атап өтті.
Мемлекеттік бағдарлама аясында салынып, жақында ғана пайдалануға берілген аурухананың жұмысымен танысқан үкімет басшысының орынбасары шаһардағы қалалық емханаға да соқты. Осылайша «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылып жатқан тірліктермен танысты. Денсаулық сақтау саласындағы күрделі мәселелерді кезекте тұрған азаматтардан естіді.
2014 жылдың үздік білім ошағы деп танылған Түркістандағы №15 мектеп те мәртебелі мейманның назарынан тыс қалмады. Бердібек Мәшбекұлы оқушылармен кездесіп, әңгіме-дүкен құрды.
Осылайша өңірдегі әлеуметтің әлеуеттік жағдайы артқанын өз көзімен көріп қайтқан Бердібек Сапарбаев облыс әкімінің атқарып отырған жұмысына оң бағасын берді. Оңтүстіктің барлық сала бойынша елде көш бастап тұрғанын айтты.