Аманкүл Жолдыбайқызы Бектаева – біріншіден, ардагер ұстаз, білім беру ісінің үздігі. Екіншіден – ауылдағы ардагер апалармен бірге жас ұрпаққа тәлім-тәрбие үйретіп келе жатқан көрегенді ене, Мақтаарал ауданы, Қызылқұм ауылдық округіндегі «Әжелер алқасының» төрайымы. Үшіншіден – қолынан тоқыма тоқу да, құрақ құрау да, гүл өсіру де келе беретін ісмер әже. Мұсылман баласына арман болған қасиетті Мекке-Мәдинаға барып, қажылық парызын өтеп қайтқандығы тағы бар.
– 1942 жылы Сайрам ауданының Теспе деп аталатын ауылында өмірге келдім. Әкем соғыс мүгедегі еді. Анам Мейіргүл екеуі 10 ұл-қыз өсірді. Мен әулеттің тұңғышы болдым. «Көп балалы үйдің, әрі мүгедек майдангердің баласы болғандықтан 5-сыныптан бастап мен Шымкент қаласындағы Қ.Сыпатаев атындағы интернатта тәрбиелендім», – деп бастады әңгімені Аманкүл апа. – Жас-тай еңбекке баулып өсіргендіктен әлі күнге қолым босаса құрақ қиып, тоқыма тоқып отырам. Сонымен бірге тәрбиенің үлкені – келін боп түскен шаңырақтағы енемнің абысыны – үлкен енемнің берген тәлімі болды. Тәрбиесі еді. Қайынатамыз соғыстан қайтпай қалған екен. Жұбайымды осы екі кемпір асырап өсіріпті.
Бабахан кеңшарда бас зоотехник болды. Мектептегі сабағым бар, соған қарамастан үйдің де тірлігіне үлгеріп жаттым. Екі мезгіл сиыр сауып, сүт пісіріп, айран ұйытудан қол үзген емеспін. Кейін ойлап қоям «сонда білдей зоотехник боп істейтін күйеуіме сүт фермасынан 5 литр сүт әкеле салшы десем де болады екен-ау, өйткені бәрі қолында тұр екен ғой» деп. Бірақ, бізге ондай тірліктер жат еді. Есесіне, үйден қонақ үзілмеді. Комиссия келсе де совхоз басшылары біздің үйге жібереді. «Ол үйде ет те бар, ән де бар» деп. Ән деп отырғаны – келген қонақтың көңілін аулап, дастарханын жайнатып отыратын Бәкеңнің серілігі.
Бәкең екеуміз 2 қыз, 4 ұл тәрбиелеп өсірдік. Мен өзім балаларыма әр уақытта әкенің орны жоғары деп ұқтырып отырдым. Бала тәрбиесіне жолдасым да жауапкершілікпен қарап отыратын. Қазір 4 келініміз бар. Жұрт қызыға қарап, «Аманкүлдің келіндері шетінен керемет, әдепті» деп жатады. Мен айтамын «келіннің бәрі бірден біліп келмейді, босаға аттап келген соң ары қарай тәрбиелеу менің міндетім» деп. Қазір осынау ұл-қыздарымнан 21 немере, 3 шөбере сүйіп отырмын.
– «Әжелер алқасына» басшылық жасайды екенсіз. Қалай ұйымдастырасыз? Қол боста немен шұғылданасыздар?
– Әжелердің ақылы ұрпақ тәрбиесіне әр уақытта да керек. Бой түзеп, тұрмыс құратын қызға да, жаңадан босаға аттаған келінге де ененің кеңесі қажет. Ұрыс-керіс болатын үйлерге барып, шамамыз келгенінше жарастыруға тырысамыз. Сосын, қартайдым, зейнетке шықтым екен деп, үйде отыруға әсте болмайды. Мен жүріп-тұруға жарайтын өзім құралпы ардагер апаларды дәл қазіргі күні салауатты өмір салтына үйретіп жатырмын. Біздер, болса да, жүгіруден қалып кеттік. Бірақ, жайлап жүруге болады ғой. Қозғалсаң ол да денсаулығыңа жақсы. Сөйтіп, бес-алты кемпір болып, таза ауада олай-былай бой жазып жүруге үгіттедім. Топтасып алып, көшеге шыққанымыз сол екен, ауылдың такси жүргізушлері бізді тойға бара жатыр деп ойлай ма, қасымызға бірінен кейін бірі келіп: «апалар, отырыңыздар жеткізіп салайын, Жетісай ма, Киров па?» деп мазамызды алып бітірді тегі. Кейін, қой бұлай болмайды екен дедік те, егістік алқапқа қарай кететінді шығардық. Сол жерге 15-20 кемпір жиналамыз. Мен әртүрлі кітап-журналдарды алып шығамын. Сөйтемін де, денсаулықты түзеу, дәрісіз емделу сияқты мақалалардан үзінді оқып беремін. 2006 жылы Мекке-Мәдинаға барып, қажылық парызды өтеп келдім. Отыз күн ораза кезінде кешкісін ауызашарда бас қосамыз. Ол да үлкен орта.
Менде бос уақыт деген болмайды. Базарға барам да түрлі жіптерді сатып аламын. Мысалы, «турецкая травка» деп аталатын аппақ жіптен кәдімгі осы қазір мода деп жамылатын шәліні тоқып отырамын. Қыздардың жасауына болса да құрақты өзім құраймын. Кейде түннің жарымында тұрып алып, ұйқы қашатын кез болады. Ол кезде серігім – кітапты қолға аламын. Немесе байпақ тоқимын, жейде тоқимын. Жұртқа ұқсап, азаннан кешке дейін түріктің, үндінің сериалын көріп отыру ешқандай пайда бермейтін нәрсе. Мұны немерелеріме де ұқтырып, одан да пайдалы іспен шұғылданып отыруға шақырамын. Ал, қазақтың ұлттық дүниетанамына лайық көрсетілімдерді жанұямызбен бірге отырып тамашалаймыз.
– Аманкүл апа, ешқашан шаршамаңыз!
Әділ ӘБДІРАМАНОВ, Мақтаарал ауданы