Емге дәру болған «Әсем-ай»

19-013

Елімізге танымал марка Сарыағаш ауданындағы «Әсем-ай Сарыағаш» минералды суы қалай өндірілетінін білесіз бе? Ең қызығы о баста бұл су көзін мұнайшылар тапқанын естігенсіз бе? Иә-иә, жер астынан мұнай көзін іздеуші барлаушы-мұнайшылар мол су көзіне тап болады. Ол жәй су ғана емес. Емдік су екені дәлелденгенде Сарыағаштың даңқы Кеңес Одағына мәшһүр болады.

19-018

Он жетінші ғасырда діндар Иса есімді қария судың емдік қасиеті жөнінде алғаш боп айтқандардың бірі екен. Бірнеше жылдардан кейін халық арасында судың емдік қасиеті жайлы ақпар тарап, қайнарға келіп, емделушілер қатары көбейген. Иса қарияның өзі де келушілерге ем-дом жасайтын көрінеді. Әлі күнге дейін шипажайға келген демалушылар және басқа да дертіне дауа іздеген жандар Иса ата әулие кесенесіне зиярат етіп, Жаратқан иеден тілеулерінің қабыл болуын сұранады.

19-017

Міне, осы күні сіз бен біз тұтынып жүрген, жердің 1033 метр тереңдігінен алынатын «Әсем-ай Сарыағаш» суы сол Иса әулие тапқан су көзі. Қаншама өңделгеніне қарамастан әлі күнге дейін о бастағы табиғи құрамын сақтап келеді дейді мамандар. Денсаулығымызға пайдалы минералды су құрамында йод, ванадий, кремний, фтор және басқа да ағзаға қажетті элементтер шөлді қандырумен қатар, адамның асқа деген тәбетін ашады. Минералды суды күнделікті тұтыну арқылы асқазан жолдарындағы созылмалы ауру түрлерін, бауыр және өт жолдарын, несеп жүйесін, улану тағы да басқа ауруларды емдеуге болады.

19-015

 

Еліміздің сауда нарығында он жылға жуық тәжірибе жинаған отандық өндірістің бүгінде «екінші тынысы» ашылған. Өйткені, 2014 жылы «RIKSLTD» компаниясы зауытты өз қарамағына алып, отандық өнімді шетелдік компаниядан өзімізге қайтарып алған болатын.

19-016

Вера Кравцова, «RIKSLTD» ЖШС директоры:

– Зауыттың бүгінде сағатына 20 000 дана шөлмекке су құюға мүмкіндігі бар. Судың сақталу мерзімі 12 айға дейін ұзартылды.

Зауытта газдалмаған суды да шөлмектерге құяды. Елімізде мұндай компаниялар аз. Өйткені, газдалған суға қарағанда газдалмаған су құрамында микроб тәуекелі басым. Суды құюға жіберу және құю процесі барысында өндірістің тазалығын, зарарсыздығын қамтамасыз ететін шаралар кешені мұқият қолданылады. Осындай еңбектің арқасында сапалы суды тұтынушыларға ұсынамыз.

Өндірісті жетілдірудің келесі қадамы жаңартылған желілер десек қателеспейміз. Себебі, кәсіпорында жұмыс істеп тұрған неміс құрал-жабдықтары сусын нарығындағы ең жоғары технологиялық өндіріске ие. Сонымен қатар, еліміздегі ішкі блоктар, құбырлар мен шөлмектерді жуып, зарарсыздандыратын автоматтық кешені бар жалғыз желі екен.

19-014

 

Суды өндіру үшін компанияның жеке меншігіндегі тереңдігі 1300 және 1350 метрлік ұңғымалары қолданылады. Жердің үстіңгі қабатына шыққан судың температурасы – 60-65 градус жылылықты құрайды. Судың құрамында сирек кездесетін тұздар мен микроэлементтер бар. Оның құрамы мен пайдалы қасиетін «Шипажайтану» мамандандырылған сынақ зертханасы растап, бекіткен. Суды шөлмекке құяр алдында, механикалық және органикалық қоспалардан тазартып алады. Зауытта 20, 10 және 5 мкрн ұстауға қабілетті сүзгі каскадтары орнатылған. Оған қоса суды ультракүлгін шамдармен өңдеп, толықтай зарарсыздандырады. Суды құю процесі барысында өндірістің тазалығына жіті мән беріледі. Аталмыш әдістердің арқасында компания газдалмаған суды да шөлмектерге құя алады. Айтулы шаралардың барлық сатысында зертхана тарапынан қатаң бақылау жүргізіледі екен.

Лаура Сапарбекова

«Оңтүстік Рабат», №19, 13.05.2015