Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде жергілікті билік пен бұқаралық ақпарат құралдарының арасында ашық диалог орнату мақсатында «Оңтүстік ақпарат» баспасөз орталығы құрылды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінің басшысы Жасұлан Әбдіманап хабарлады.

001

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен құрылған баспасөз орталығында өңірде атқарылған жұмыстар туралы айтылып, орын алған түрлі оқиғалар жайлы тұрғындарға шынайы ақпарат таратылады. Яғни, билік пен БАҚ-тың ашық диалог жүргізетін алаңы әрі толыққанды мәлімет айтылатын мінбер болмақ.

Бұдан былай басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері және аумақтық орган басшылары әр аптаның сейсенбі, бейсенбі күндері журналистерге сұхбат беріп, брифингтер өткізеді.

Бүгін «Оңтүстік ақпарат» баспасөз орталығында атқарылған жұмыстар және алда тұрған міндеттер жөнінде брифингті алғашқы болып, облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Берік Құрманғали бастады.

‒ Алдағы уақытта осында өтетін баспасөз мәслихаттары мен брифингтер онлайн режимде өтіп, Қазақстан Республикасының президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметі өткізетін брифингтерге тікелей қосылу қарастырылуда,‒ деді Берік Құрманғали.