Еліміздің Оңтүстігіндегі кәсіпкерлер «Жасыл энергетика» саласының тиімді тұстары көп екенін түсінген. Аймақта биылдың өзінде жалпы көлемі 110 мегаватт электр энергиясын өндіретін 4 жоба жүзеге асырылмақ. Осылайша өңірдегі баламалы қуат өндіретін нысандарға инвестиция салу ұлғайып келеді.
Бұл стансалардың үшеуі — күннен қуат алатын, біреуі шағын су электр стансасы. Арнасы Ақсу өзенінен бастау алатын каналдың бойына салынып жатқан шағын су электр стансасының құрылысы ерте көктемде басталған.
Отандық инвестор өз қаржысын салған бұл жоба күзге қарай іске қосылады. Қысы-жазы суы тоқтамайтын каналдағы ағыстың екпіні күшті.
Нұрлан Тамабаев, электр стансасының қызметкері: «Бұл тұста су 63 метрлік биіктен құлап ағады. Біздің есебіміз бойынша 2,5 мегаватт энергия өндіруіміз керек. Екі агрегат тұрады, әрқайсысы 1250 киловатттан.»
Каналдағы судың бағыты, көлемі өзгерместен ара қарай аға береді. Экологияға еш зиян жоқ деп сендіреді мамандар. Бұл компанияның баламалы қуат өндірудегі тәжірибесі жеткілікті. Бүгінге дейін екі жерде күн сәулесінен қуат өндіретін қондырғылары бар. Екеуі де сағатына 1 мегаваттан электр энергиясын өндіреді.
Оған Оңтүстік өңірдегі ауа райы өте қолайлы. Жылына орта есеппен 260 күн аспан ашық болып тұрады. Өндірілген қуат есептеліп, таратушы компанияға беріледі.
Еситдин Махаматов, оператор: «Ренеріне қарап қай сағатта қанша істеді, электрожеліге қанша өтті, бәрін жазамыз. Сөйтіп есептеп, мәлімдеме береміз.»
Оның алғашқы тұтынушысы болғаны үшін Шымкентті ауыз сумен қамтамасыз ететін компания өткен жылы электр энергиясын біршама жеңілдікпен пайдаланыпты.
Керімбек Ағабаев, су ресурстары компаниясының энергетигі: «Соның есебінен бір жылда 3,5 миллион теңге пайда көрдік біз. Сол пайданың есебінен біз өзіміздің насостарымызды жаңартып, басқалай да қажеттерімізге жараттық.»
Осылайша жыл соңына дейін Арыс қаласында 12 мегаватт, Отырар мен Сарыағаш аудандарында жалпы 95 мегаватт қуат өндіретін күн электр стансасы пайдалануға беріледі. Ал Сайрам ауданында су электр стансасы іске қосылады. 2017 жылы баламалы қуат өндіретін нысандар облыстағы электр энергиясының тапшылығын жояды деп болжанып отыр.
khabar.kz