Оңтүстікте сегіз адамнан тұрған қылмыстық топ ұсталды

303

Оңтүстік Қазақстан облысында тәртіп сақшылары сегіз адамнан құралған барымташы қылмыстық топтың жолын кесті. Бұл туралы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Сарыағаш аудандық ішкі істер басқармасының қызметкерлері ОҚО ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлерімен біріге отырып жүргізген жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Сарыағаш және Қазығұрт аумағында жылдан астам уақыт мал ұрлығын кәсіп еткен қылмыстық топтың жолын кесті.

Қылмыстық топтың құрамы 8 адамнан. Олар Қазығұрт және Сарыағаш ауданының 1965-1995 жылдары туылған жергілікті тұрғындары. Бұл топты басқарған 50 жастағы Қазығұрт ауданының тұрғыны бұған дейін бірнеше рет мал ұроығы үшін сотты болған екен.

002

Ұрылар алдын ала сөз байласу арқылы жайылымда иесіз жүрген малды түн ішінде иесінің жоғын пайдаланып, жүк көлігіне артып, көрші ауылда жасырып келген. Содан соң базарларға арзан бағамен сатып, тапқан ақшаларын күдіктілер өз қажеттілігіне жаратып отырған.

Мәселен, 2014 жылдың ақпан айында бұл күдіктілер Сарыағаш ауданындағы Шайхана ауылынан жергілікті тұрғынға тиесілі 20 бастан астам жылқыны жайылымнан айдап кетіп, Қазығұрт ауданына апарып сатып жіберіпті. Соның кесірінен жәбірленушіге 5,5 миллион теңгеден астам шығын келді.

Әзірше тергеушілер ұсталғандардың 12 мал ұрлығына қатысы бар екенін анықтап отыр. Шаруаларға келген шығынның көлемі 15 миллион теңгеден асып жығылады. Қылмыстық топ мүшелерінен ұрланған ірі қара малдың біразы және екі «Камаз»жүк көлігі айғақ зат ретінде тәркіленді.

Аталған жайтқа байланысты Қазақстан Республикасының қылмыстық кодекстінің 188, 162 және 262-баптарына сәйкес ұрлық және ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету дәйегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қамаудағы күдіктілердің өзге де қылмыстарға қатысы анықталып жатыр.