Оңтүстіктегі 1022 мектепте соңғы қоңырау соғылды

649

Оңтүстік Қазақстан облысындағы 1022 мектепте соңғы қоңырау соғылып, бітіруші түлектер алтын ұяларымен қоштасты. Соның біріне өңір басшысы да қатысты.

Облыс әкімі Асқар Исабекұлы Түлкібас ауданы Жаскешу ауылындағы С.Сейфуллин атындағы жалпы орта мектепте «Қош бол, алтын ұя мектебім!» тақырыбындағы соңғы қоңырау шарасына қатысты. Аталған аудандағы мектептерді бітіретін 1062 түлектің 54-і «Алтын белгіден», 20-сы үздік аттестаттат үмітті. Салтанатты жиынға қатысқан өңір басшысы барша оңтүстікқазақстандық бітіруші түлектерді құттықтап, білімді, биік парасатты азамат болып өсуін тіледі.

‒ Біз бүгін үлкен қуаныштың, тарихи іс-шараның куәсі болып отырмыз. Мектеп бітірушілер жаңа өмірге қадам басқалы отыр. Алдағы сынақтардан абыроймен өтіп, жоғары көрсеткішке ие болатындарыңызға сенімдімін, ‒ деді А.Мырзахметов.

Жалпы 2014-2015 оқу жылында облыстағы 1022 мектепте 562 мың 621 оқушы білім алды. 814 орта мектепте білім алған 30982 оқушы бүгін 11-сыныпты бітірді. Биылғы түлектердің 18588-і ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірді. Ал 1085 бітіруші «Алтын белгіден» үмітті.

Облысымызда соңғы алты жылда үш жүзге жуық жаңа білім нысандары пайдалануға берілсе, өткен жылдың өзінде 54 нысан ашылды. Биыл өңірде жаңа 82 мектептің құрылысы жүруде.

Халықаралық және республикалық олимпиадалар, ғылыми жобалар, спорт пен өнер сайыстарында облыстың 700 оқушысы жеңімпаз атанды. Білімді жастар командасы республикалық пән олимпиадасында өткен жылы І орынды иемденсе, биылғы жылы екі бағыт бойыншада ІІІ орынды, сонымен қатар «Үздік олимпиадалық команда – 2015» атағына лайық деп танылды.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының мектеп және колледж оқушылары арасындағы VІІ жазғы спартакиадасында облыс командасы І орынды иеленіп, өңір мерейін өсірді.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі