Сыңғырла, соңғы қоңырау! Бүгін оңтүстікқазақстандық 31 мыңға жуық түлек мектеппен қоштасты. Облыс әкімі Түлкібас ауданындағы «Жаскешу»ауылдық округіндегі С. Сейфуллин атындағы орта мектеп бітірушілерінің қуанышымен бөлісті. Білім ұясында 59 шәкірт 11-сыныпты бітірді. Оның екеуі «Алтын белгіден» үміткер.
Жаскешу ауылындағы жалғыз мектепті биыл 59 оқушы бітіріп жатыр. Он бір жыл білім алған ұясынан ұшқалы тұрған шәкірттердің қуанышында шек жоқ. Десе де, қимастық сезімі басым. Бітірушілердің арасында екі шәкірт «Алтын белгіден» үміткер. Олардың ендігі тілегі — ұстаздарының сенімін ақтау, биік белестен көріну.
Назым Ділдәбек, «Алтын белгіге» үміткер: «Біз бұл сәтті көп күттік. Бірақ, бүгін қимай тұрмыз. Он бір жыл осы мектепте оқыдық, балалығымыздың куәсі болды. Енді қимай тұрмыз. Ендігі арманымыз — ұстаздардың, ата-анамыздың арманын орындау, алдағы сынақтан сүрінбей өту».
Сәкен Сейфулин атындағы жалпы орта мектепте 1007 бала білім алады. Зерек оқушы мен талантты тұлға дайындайтын білім ұясының көрсеткіші де жаман емес. Жыл сайын ҰБТ-ның қорытындысында суырылып алға шығады. Мұны мектептің соңғы қоңырау кешіне арнайы келіп қатысқан облыс басшысының өзі де айтты.
Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: «Жыл сайын білім сапасының көрсеткіші артып келеді. Оңтүстіктің оқушылары білім додаларында да өздерін көрсетіп жүр. Осының барлығы ұстаздардың қажырлы еңбегінің арқасында деп ойлаймын. Ал Жаскешу мектебінен елге танымал қоғам қайраткерлері, ел ағалары шыққан. Бүгінгі бітіруші түлектерге солардың жолын берсін деп тілеймін. Биыл Оңтүстікте 31 мыңға жуық түлек бітірсе, солардың мыңы «Алтын белгіден» үміткер екен. Түлектерге тек қана сәттілік тілеймін!»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=JfwPv0I2LXo[/youtube]
Дәл осы күні жас түлектерді құттықтап, мектептің бұрыңғы бітірушілері де келді. Осыдан жиырма жыл бұрын мектеп бітірген азаматтардың арасында ел ағалары бар. Ауылдағы ардақты ұстаздарын сағына жетіпті. Бірін-бірі көріп, мәз-мейрам.
Айжан Өзенбаева: «Мен Сәкен Сейфуллин мектебін осыдан жиырма жыл бұрын бітіргенмін. Сыныптастарымның арасында танымал азаматтар көп. Мен солармен мақтанамын. Бүгін мектепке қайта келіп, мұғалімдерімізге алғыс айпақпыз».
Көп күттірмей соңғы қоңырау да соғылды. Салтанатты шараға жиналған қонақтар жас түлектерге ақжол тіледі.