Полицейлер ауруханадағы балалардың жағдайымен танысты

Оңтүстік Қазақстан облысында «Жүргізуші – жаяу жүргінші» атты республикалық кең масштабты жедел-алдын алу іс-шарасы өтуде. Бұл іс-шара аясында шымкенттік полиция қызметкерлері бір күндік жұмыстарын әдеттегідей орындарда емес, ауруханаларда өткізді.

«Жүргізуші, баланың өмірін сақта!» деген ұранмен ұйымдастырылған акция барысында тәртіп сақшылары «Нұрсәт» шағынауданындағы балалар ауруханасына барып, жол апаттары салдарынан жарақаттанған балалармен кездесті.

Тәртіп сақшылары жапа шекен бүлдіршіндердің жағдайларын сұрастырып, олардың ата-аналарымен сөйлесті. Сондай-ақ, оқушыларға түрлі жұмсақ ойыншықтармен қатар 30-дан астам сәулеге қарсы жарық беретін білезікті сыйға тартты.

Жол ережесі туралы мультфильм дискілері үлестірілді. Ал ата-аналар жүргізушілерге деген өкпе-наздарын жазып, жол қозалысы кезінде сақ болуын талап ететін арнайы парақшаларды толтырды. Енді автокөлік иелеріне арналған барлық өтініштер әлеуметтік желілерде жарияланатын болады.

Луиза Ғазиева, ОҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасының инспекторы: «Бұл іс-шара 30 мамырға дейін жалғасады. Өзге акцияларды жол-көлік оқиғаларынан жарақаттанған балалардың қатысуымен өткізуді жоспарлап отырмыз. Плакаттармен көшелерге шығып, құлағы естімейтін балаларға арналған мектеп-интернаттарға барамыз».

Мұндай акциялар жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің назарын аударып, жол қозғалысы кезінде ережелерді қатаң сақтауға шақырады.