Сайрамда мал бордақылау жүйеге қойылған

1106

Мал шаруашылығын дамытуға арналған өңірлік бағдарлама кезеңімен жүзеге асуда. Облыстағы қала, аудандарда етті және сүтті малды бордақылаумен айналысатын азаматтардың саны артып келеді. Мәселен, Сайрам ауданында мал бордақылау жүйеге қойылған.

002

Сайрам ауданындағы ұсақ шаруа қожалықтары бірігіп, селолық тұтыну кооперативтерін құруда. Солардың бірі — «Ет АгроМанкент» селолық тұтыну кооперативі. Бүгінде мұндағы мамандар ірі қара малды бордақылаумен айналысады. 10 шаруа қожалығы, 30-ға тарта шағын субъектілердің басын қосқан шаруашылықта жылына 7200 тонна ет өндіріледі.

Былтыр құрылған селолық тұтыну кооперативінде жұмыс істейтін Батыр Құрбанмұратов жас болса да малдың күтімінің қыр-сырын жетік меңгерген. Құрама жемді дайындау, малдың орнын тазалау міндетін аса жауапкершілікпен орындайды.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=bVyp034mBCI[/youtube]

Ірі қара малды бордақылау оңай шаруа емес. Шаруашылықта мал азығын дайындауға аса көңіл бөлінеді. Өйткені жемнің жеткілікті қоры жасалмаса, онда қыс пен ерте көктемде мал азып, шаруашылық шығынға батады. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында «Ет АгроМанкент» мекемесінде шөп, құрама жем сақтайтын орын да салынған.

Етті сатуда қиыншылық жоқ дейді шаруалар. Оны сақтайтын замануи мұздатқыштар бар. Сапасы экологиялық таза ет Алматыға жеткізіледі. Мал шаруашылығын дамытуға бағытталған өңірлік бағдарламаға сәйкес ірі шаруашылық басшылығы келешекте сүт фермасын да ашып, ағарғанды өңдеумен айналыспақ.

Шынар Оразова