Шымкент тұрғындары түнгі мұражайды аралады

364

«Мұражай түні». Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ұжымы өз мерекелерінде осындай акцияны қолға алды. Биыл төртінші рет қолға алынған шара аясында қас қарайған уақытта мәдени орынның қызметкерлері келген көпшілікке жәдігерлерді таныстыру үшін залдарды балауызбен аралады.

Түнгі мұражайды тамашалауға келгендердің қарасы қалың. Олар мұнда жалғыз емес, дос-жаран, туыстары мен ұл-қыздарын жетелей келген. Тас ғасырдан бергі тарихты бойына бұққан құнды дүниелерді көзбен көру үшін. Мәдениет ошағының қызметкерлері тосылған жоқ, балауыздың жарығымен ғана жалтылдаған жәдігерлерді таныстырып жатыр.

Марат Бейсенбаев, қала тұрғыны: «Негізі шаммен жүріп, жәдігерлерді тамашалаған өте әсерлі екен. Есте қаларлықтай. Отбасымызбен бірге келіп, экспанаттарды көрдік, әсіресе қазақтың байырғы дүниелерін аралап жүріп, әжелеріміздің сөздері есімізге түсті».

Бақытжан Молдағұлов, қала тұрғыны: «Бәрібір ерекше, бәрібір тамаша!  Қолымызға балауыз алып, барлық жәдігерлерді көріп шықтым. Есімде ерекше сақталғаны – Кенесары ханның қылышы. Ханның дүниесін алғаш рет көзбен көрдім».

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=uGH9LQrgSlI[/youtube]

Мұражайдағы саяхат табиғат, археология және этнография, тәуелсіз Қазақстан сынды бөлмелерге жасалды. Қолдарына шам ұстаған тұрғындар өңірдің өткенін еске салар жәдігерлер төңірегінде сауалдар қоюды да ұмыт қалдырмады.

Себебі мәдениет ошағындағы бірқатар дүниелер таяуда ғана мұражай қорын толықтырған. Ал «Түнгі мұражай» шарасын ұйымдастырған мекеме қызметкерлері бұл бастаманың жұмысбасты жерлестеріміз үшін берері мол деп сендіреді.

Гүлмира Лазар, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы ақпараттандыру бөлімінің меңгерушісі: «Түнгі мұражайды» тектен-текке қолға алған жоқпыз, адамдарға, көпшілікке қызықты болуы үшін тек қана күндіз ғана емес, кешкі уақыттарын осындай мәдени орынға арнап, келсін деген ниетпен ұйымдастырдық. Соңғы 1 айдың ішінде Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен облыстық этно-мәдени орталық өкілдерінің көмегімен жәдігерлер саны тағы да 600-ге артты».

Айта кетейік, бүгінде 95 жылдық тарихы бар облыстық тарихи-өлкетану мұражайында 92 мың жәдігер бар. Біздің заманымызға дейінгі І ғасырдан бастап қазіргі қоғамға тиесілі дүниелер мұражай мерекесінде түнгі сағат 00:00-ге дейін көпшілік назарына ұсынылды.