Шымкентте бағдаршамды кім бақылайды?

018-015

Бағдаршам – жол қозғалысын реттеуге арналған құрылғы. Оның қажеттілігі айтпаса да түсінікті. Бұрындары тек ірі қалалардан жиі байқайтын мұндай нысан бүгінде елдімекендерде де орнатылуда. Дегенмен жол бойына орнатылып, бірақ қызмет көрсетпейтін бағдаршамдарды да кейде көзіміз шалып қалады.

018-018

Жұмыс істемейтін, істен шыққан ескі құрылғылар қашан жаңартылады? Жалпы бағдаршам орнату қалай жүзеге асырылады? Бағдаршам істен шықса, кімге хабарласу керек? Бұл сұрақтарға жауап алу үшін Шымкент қалылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне арнайы бардық. Бөлім басшысының орынбасары Жарқын Байдуллаевтың айтуынша облыс орталығында істен шыққан және қызметі қажетсіз 5 бағдаршам бар. Бүгінде оларды алып тас-тау жұмыстары жүргізілуде. Олар Ұ.Арғынбеков көшесі бойында орналасқан. Жауапты мекеме өкілінің бұл сөзінен соң  құрылғылар «неге қажетсіз күйге түсті?» деген сұрақ туындады. «Кезінде аталған көшенің жол құрылысы жүргізілген кезде оның сметалық жобасында бағдаршам орнату жұмыстары қарастырылған. Сондай-ақ аталған көше облыстық басқарманың құзырында болатын. Ол көше тек былтыр ғана қала меншігіне өткен. Енді біз ондағы жол белгілері мен құрылғыларды реттеу шараларын қарастырып жатырмыз», –деді Ж.Байдуллаев.

Жарқын Байдуллаев,

Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

– Бүгінде қаладағы бағдаршам мәселесінің 90 пайы-зы өз шешімін тапқан. Алдағы уақытта бұл мәселе толығымен шешіледі деген ойдамын. Бүгінде қажеттілігі жоқ құрылғылар да бар. Бүгін болмаса да ертең оның қажеттігі болуы мүмкін.

Көлік қозғалысы болған соң түрлі жағдайлар орын алатыны белгілі. Сондай сәтте істен шыққан құрылғының орнына шешіліп алынған бағдаршамдарды орнататын боламыз.

 

Бағдаршам орнатумен және оның техникалық қызметін бақылаумен айналысушы мекеме «СМЭУ Астана» ЖШС-нің қоймасына алынған құрылғылар жеткізіледі екен. Қаладағы өзге бағдаршамдар істен шықса, сақтауға жіберілген осы құрылғылар орнатылады. Әрине, ол кезде қызмет жүйесінің сәйкес келуі басты назарға алынады. Айтпақшы, жол мен жолаушылар көлігінің қызметіне жауапты мекемедегілер шаһарға әлі  10 бағдаршам қажет екенін айтты. Жыл басында бөлім әкімдіктен 16 жаңа құрылғы алуға қаржы сұрап, құжат дайындапты. Алайда, мәслихат пен биліктің шешімімен тек екі ғана бағдаршамға қаржы бөлінетін болды. Бұл Шымкенттегі бағдаршамдар биыл да толық жаңартылмайды деген сөз. Жалпы бағдаршам орнату туралы шешімді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен жол патрульдік полициясы біріге қабылдайды.

018-016

 

Жасыратыны жоқ, бағдаршам кенеттен істен шығып, жол кептелісіне себеп туғызып жататын сәттер жиі кездеседі. Бөлім басшысының орынбасары: қандай жағдай болмасын жол кептелісі орын алмауы тиіс, – дейді. Өйткені бағдаршамдар бойынша қызмет көрсетуші серіктестік «СМЭУ Астана» жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен жол патрульдік полициясына алдын ала хабарлама жібереді. Мәселен, «бүгін мынандай көше қиылыстарындағы бағдаршам дәл мына себепке байланысты қызметін уақытша тоқтатады» деген мәтінмен жіберілген хабарламадан соң жол патрульдік полициясының қызметкері аталған орынға барып, жол қозғалысын реттеуі тиіс. Алайда, Ж.Байдуллаевтың айтуынша ішкі істер органы қызметкерлері бұл міндетіне немқұрайлы қарайды. Соның салдарынан кептеліс пен жол көлік оқиғасы орын алуда. Егер де сіз бағдаршамның кенеттен істен шыққанына куә болсаңыз, «СМЭУ Астана» ЖШС-нің жедел қызметіне қоңырау шалуыңызға болады.

018-014

 

 

Шымкенттегі жол қозғалысын реттеуші құрылғылардың 98-і автоматтандырылған жүйеде жұмыс істейді. Оны ІІД жедел басқару орталығы бақылайды. Бағдаршам істен шықса «СМЭУ Астана» ЖШС-інен хабарлама келмей тұрып орталыққа хабар беріліп, патрульдік полиция қызметкерлері орын алған жайттан хабардар болады. Әрине, қаладағы кейбір бағдаршамдар ескі құрылғы сапында болғандықтан бұл жүйеге қосылмаған. Жаңарту үшін қомақты қаржы керек.

018-017

 

18 бағдаршам түнгі режимде қызмет көрсетеді. Яғни, түнгі сағат 23.00-ден 06.00-ге дейін бағдаршам жанып-өшіп сары түсті көрсетіп тұрады. Мұндай жүйе жүргізуші уақытын үнемдеуге септігін тигізеді. Ол кезде жүргізуші басты көшеде келе жатқан көлікке жол беруі тиіс. Көлік жүргізушілеріне құлаққағыс ретінде айта кетейік, Темірлан тас жолы мен Мангелдин, Дулати мен Тәуке хан даңғылының қиылысында орналасқан бағдаршамдар түнгі режимнен ажыратылған. Өйткені ондағы көлік қозғалысы үзіліссіз болғандықтан сақтық шараларының алдын алу мақсатында осындай шешім қабылданған.

Жансая Тәуекелқызы

«Оңтүстік Рабат», №18, 06.05.2015