Жақында Қазнетте Шымкеттегі кезекті қыз алып қашу оқиғасының видеосы тарап кетті. Екі жігіттің бір қызды көлікке күштеп мінгізген сәті ең алғашқылардың бірі болып Инстаграмдағы instavideo_kaz қауымдастығында жарияланды.

001

Кешкі сағат 19:30 шамасында Шымкенттегі неке сарайының алдында екі жігіттің бір қызды ақ түсті көлікке салып жатқанын сол маңда тұрған көліктің ішіндегі бір адам ұялы телефонның камерасына түсіріп алыпты.

[youtube]https://youtu.be/hkk3JfM7y3A[/youtube]

Бұл видеоны көрген әлеуметтік желіні қолданушылардың біразы осы қыз бен жігіттер туралы мәлімет іздестіре бастайды. Көбісі өз еркінен тыс кетіп бара жатқан қызға жаны ашып, көмектеспек болады.

Осы арада Шымкент қалалық ішкі істер басқармасына қарасты Әл Фараби полиция бөлімінің қызметкерлері қылмыстық іс қозғап та үлгерген болатын.

«Отырар» медиахолдингінің «Заң» және «Шұғыл шақырылым» бағдарламаларының тілшісі Ернар Балабеков осы тақырыпты өз назарына алып, тексеруге кірісті. Ол видеоны түсірген азаматты іздеп тауып, біраз мәліметтер анықтайды.

Осы мәліметтер негізінде облыстық ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері бейнероликтегі көліктің мемлекеттік нөмірі арқылы иесін тауып, мәселенің мән-жайын анықтайды.

Қолда бар мәліметтерге сәйкес, қыз бен жігіт сол күні жарты сағаттай уақыт неке сарайының маңында сөйлесіп жүрген. Яғни алып қашқан жігіт бойжеткеннің танысы болып шығады. Содан болса керек, бойжеткен біраз ашуланғанымен, соңынан Сарыағаштағы өзі түскен үйде келін болып қалуға келісімін берген. Сондықтан қылмыстық іс те жабылды.

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі берген мәліметтерге сәйкес, жыл басынан бері Оңтүстікте 18 қыз алып қашу фактісі тіркелген. Дегенмен, оның барлығында екі тарап өзара келісімге келгендіктен, қылмыстық істер қозғалған жоқ.