Кеңес одағының батыры Әлия Молдағұлованың туған сіңлісі апасының жерленген жеріне барып, тағзым етіп келуге қаражат таппай жатыр. Мұндай жаңалықты естіген шымкенттік студенттер қарап қалмады.
Жастар жетпіс бестегі ақтөбелік Әліп Үсеноваға көмек қолын созуды жөн көрді. Қаламыздың белсенді жастары жиналып, бұл бастаманы бірауыздан қолдап, қаржыны жинап берді. Бірі өз топтарындағы студенттерден тиындап жинаған теңгені жәшікке салса, енді бірі өз қалтасынан берді. Айта кетейік, қазақтың мерген қызының сүйегі Мәскеуде жерленген.
Әлихан Жақсылықов, студент: «Республикалық арналардағы жаңалықтардан майдангер Әлия Молдағұлованың сіңлісі Мәскеуге барып, басына Құран аяттарын бағыштап қайтуға қаржы таппай жатыр дегенді естіп, жанымыз ауырды. Тиісті қаржы — 200 мың теңге екен. Студент жастар жұмыла сол ақшаны жинадық, енді банктегі есеп-шотына аударамыз. Әрине, студеттерге қаржыны жинақтау оңайға түскен жоқ, тиын-тебенді апта бойы аралап жүріп таптық.»