Түкiруге болмайды

17-001Сәні келіскен саябақ, тастары тізілген тротуар, шаңы шыққан ауыл-аймақ, топырағы бұрқырап жатқан жолдар, әйтеуір адам басы қосыла қалатын сан мекен.

Енді, осы орындардың бәріне ортақ бір жаман қылық, ол – дамылсыз, тоқтаусыз, үсті-үстіне түкіре беру. Өркениет қоғамын құруға ұмтылған, тазалық пен әдемілікті мансұқтаған ортаның қай-қай жеріне аяқ баса қалсаңыз, табаныңызға түкірік жабысады, төмен қарасаңыз жер үстінде жатқан ақ көбік сілекей көзіңізге ілінеді.

Бүгінде жасы да, кәрісі де өзі болған орында түкірігін тастап кетуді «парыз» санайды. Қоғамдық орында аузынан шыққан ақ көбік сілекейін қалдыруды құп көреді. Бәрі болмаса да, дені осылай жасайды. Бұған бірнеше адамның басы қосыла қалған жердегі ақ көбік көлшіктер дәлел.

Адамдар қоғамдық орында түкіруден, түкіре беруден тыйылмайды. Керісінше, үдетеді. Жалпы, қоғамдық орындарда түкіру – тек Қазақстанның ғана емес, күллі әлемнің дерті.

Түкіруге тыйым салуға бола ма? Болады. Қайсыбір елдер, қоғамдық орындарда түкіруге заңмен тыйым салып, айыппұл төлетеді не қоғамдық жұмысқа жегеді. Мысалы, Қытайда Бейжің олимпиадасы болардан бұрын қала басшылығы қоғамдық орындарда түкіруге тыйым салатын қатал заң шығарды. Құжынаған халқы бар мемлекет сол бір заңның көмегімен қоғамдық орындарда түкіруді тоқтатты.

Ал, бізде бұған қандай да бір шектеу жоқ. Ауыз қуысына жиналған бар сілекей-көбігін көшеге шығып, саябаққа келіп төгіп кетуіне тоқтау салмайды.
«EXPO-2017», Дү-ниежүзілік «Универсиада-2017» сынды халықаралық іс-шараларды өткізбекке ұмтылған еліміздің келген қонақтарға көрсетер көп игі көрінісінің қатарындағы әттеген-айы осы түкіру.

Ал, енді осы түкіретіндердің дені – ер адамдар. Тұрған жерінде шырт-шырт түкіру деген ерлерге тән, орындалуы «сауап әкелер» қылық па дерсің?!

Бірақ, бұл ешқандай да қылық емес. Бұл – жиіркенішті әдет. Біздің адамдар аяғы жеткен жердің бәріне түкіреді. Ол аз десеңіз, бұған қосып, сіңбіреді. Және бұл әдетінен еш ұялмайды. Қазіргі өркениет заманында адамның өз қажетін өтеуіне арналған арнайы-оқшауланған, санитарлық орындар бар. Сонда барып, сол қажетін өтеуіне не кедергі? Түкіру-сіңбіруді де дәрет сындырумен тең десек, онда осы бір әжетімізді неге екенін көпшіліктің көз алдында өтейміз?

«Ауызға келген түкірік, қайта жұтсаң мәкрүһ» деп, өзінің түкіру әдетін дінмен байланыстыра қоятындар да бар. Бірақ, осыны айтып ақталатын азаматтардың өз үйі ішінде түкірмейтіні, ал қоғамдық орында үздіксіз түкіретінінен-ақ өз ордасын ластаудан қашатынын, алайда көпшілік ортаны былғап кетуге құлықты екенін байқаймыз.

Түкірік – лас сұйықтық. Адамның ауыз қуысы – ең лас мүше. Барлық микроб пен вирус осы ауызға жиналған. Ауру біткен де осы ауыздан тарайды. Аты жаман ауру туберкулездің Кох таяқшалары да осы ауыздан бөлінген сілекеймен таралады. Түкірікпен бірге жерге түскен ауру қоздырғыштары ауамен бірге айналаға тарайды. Тұмау екеш тұмау да осы ауыз қуысынан бөлінген сұйықтықтың құрамындағы ауру қоздырғыштарымен біреуден екіншіге жұғады.
Жерге түскен түкірікті аяғымен басқан адам оны бір жерден екінші жерге жеткізеді. Үйіндегі еденіне, отырған дастарханына түкірмейтін адам, сыртқа барып түкіргенімен, соны басып, өз үйіне қайта алып кіреді.

Айтпақшы…

Қоғамдық орындарда тәртіп бұзған адам ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңнамаға сәйкес он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді немесе он тәулікке дейін әкімшілікке қамауға алынады. Ал егер құқықбұзушылықты бір жылдың ішінде қайталаса, 15 тәулікке қамалады.

Жәнібек Нұрыш

«Оңтүстік Рабат», №17, 29.04.2015