Перзент қамын ойлаған ата-ананы да, мектеп бітіретін шәкірттерінің тағдыры толғандырған ұстаздар қауымын да күн өткен сайын түрлі ойлар мазалайтыны белгілі. Ол мазасыздықтың басты себебі – ҰБТ.
Яғни, кезекті аламан шабыс, тағдыр тартысына айнала бастаған ҰБТ-дің күні жақындап келеді. ҰБТ – жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды анықтап, 11 жылда санасына білім ұялатып, дарынын шыңдаған, ертеңгі бәйгеге дайын тұрған саңлақтарды саралайтын дода екендігі белгілі. Асылында, елдің іргесін бекітіп, келер ұрпақты білімді, интеллектуалды, дарынды етіп тәрбиелеу жолында бұл саладағы сараптауда иненің жасуындай ағаттық пен жалғандыққа жол берілмеуі керек. Сондықтан да қалалық білім бөлімі мен барша білім беру ұйымдары осы жолда жан-жақты жұмыстар жүргізуде.
Иә, біз қазір күннен-күнге технологиясы дамып, экономикасы ілгері жылжыған білімділердің заманында өмір сүріп жатырмыз. Мұнда тек білімнің күшімен ғана өзіңді өзгелерге таныта аласың. Және келешекте де солай бола бермек! Яғни, болашақ іргесінің бір кірпіші болып қаланып, елдің ертеңіне айналу жолында білімнің атқаратын рөлі зор болатындығы күннен-күнге айқындалуда. Сондықтан, мемлекетіміз бар хал- қадерінше ілім мен ғылымды дамыту үшін түрлі бағдарламалар қабылдап, тереңдете оқытатын білім ошақтарын ашып, сапалы білімді игерген шәкірт тәрбиелеп шығаруға тырысып бағуда. Осыған орай, Елбасының игі бас-тамаларын пайдаланып, бүгінде білімін одан әрі жетілдіремін деген ұстаздарға да арналған деңгейлік курстар ашылып, мұғалімдердің басым көпшілігі жаңаша оқыту әдіс-тәсілдерін меңгеріп,тәжірибе жинақтап, білім беру үдерісіне заманауи оқыту үлгілерін ендіруде. Білім беруде жүзеге асып жатқан осы және өзге де ілкі жаңалықтардың тиімділігін ҰБТ-нің нәтижесінен көреміз деген ойымыз бар. Енді сөздің бағытын ҰБТ-дің ұйымдастырылуы мен өткізу ережелеріне аударалық.
Ұлттық бірыңғай тестілеу мәселесі бойынша қалалық білім бөлімі тарапынан бірнеше практикалық – семинар кеңестер өткізіліп, бұқаралық ақпарат құралдарында ҰБТ өткізу ережелері және ҰБТ-ге дайындық жұмыстары туралы ақпараттар жарияланып, теледидар арқылы да көрсетілуде. Қалалық ата-аналардың жалпыға бірдей білім беру кеңестерінде де ҰБТ жайы сөз болып, өткізудің тиімді жақтары мен оңтайлылығы қарастырылды.
Мектеп басшылары ҰБТ-ге дайындық барысында оқушылар мен ата-аналарды тиісті ережелермен және нұсқаулықтармен дер кезінде таныстырып, оқушылардың дайындық сынақтарына талдау жасап, мониторинг жүргізуде және дарынды балалар, үлгерімі төмен оқушылармен жеке жұмыс жүргізу кестелері ұйымдастырылған.
Ағымдағы жылы ұлттық бірыңғай тестілеу 5 пәннен өткізіледі: ана тілі (оқыту тілі), математика, Қазақстан тарихы, орыс мектептеріндегі қазақ тілі, қазақ мектептеріндегі оқушылар үшін орыс тілі және мамандыққа байланысты таңдау пәні .
«Білім туралы» ҚР Заңының 4- тармағына сәйкес мемлекеттік тіл мен орыс тілі ҰБТ бағдарламасына енгізілген, тапсыруға міндетті пәндер болып табылады.Ең бастысы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 5 желтоқсандағы №506 бұйрығымен бекітілген «Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидалары» негізге алынатындығын және осы ережелерге енгізілген өзгерістер қатаң түрде басшылыққа алынатындығына баса назар аударғым келеді. Сол сияқты мемлекеттік білім беру гранттарына тағайындау конкурсына ҰБТ-нің төрт пәні бойынша нәтижесі есептелінетіндігін жеткізгім келеді. Ал баршаның көңілін күпті етіп отырған биылғы жылғы ҰБТ 1-15 маусым аралығында өткізілетін болып бекітілді. Тестілеуге қатысуға өтініштерді қабылдау 10 наурыздан 25 сәуірге дейін жүргізілді. Әр пән бойынша тест тапсырмалары жылдағыдай 25 сұрақтан тұрады. ҰБТ-ге 3,5 (үш жарым) астрономиялық сағат, яғни, 210 минут бөлінеді. Ал өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын жалпы білім беретін мектептердің түлектері өз қалаулары бойынша ҰБТ-ді мемлекеттік немесе орыс тілдерінде тапсыруы мүмкін. Жалпы білім беретін мектептерде ұйғыр , өзбек және тәжік тілдерінде оқытатын мектептердің ҰБТ-ге қатысуға тілек білдірмеген бітірушілері мен денсаулығына байланысты ҰБТ-ге қатыспаған оқушылар қорытынды аттестаттаудан білім беру ұйымдарында пәндер бойынша қорытынды емтихан сипатында өтеді. Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін ҰБТ-дің нәтижесі бойынша 100 балдан ең төменгі шектік деңгей – 50 балл құрайтынын, бейінді пән бойынша 7 балдан кем емес, ал басқа пәндерден 4 балдан кем болмауы қажет.
Әрбір сынақтың нәтижесі көңілден шығуы үшін оған түбегейлі, тереңдете жүргізілген, жан-жақты дайындық қажет. Осыған орай, Шымкент қаласындағы жалпыға бірдей білім беру ордаларында 2014-2015 оқу жылының қазан айынан бастап оқушылардың базалық даярлық сапасын арттыру және ЖОО-на түсу үшін мамандықтарды таңдау мүмкіндігін кеңейту мақсатында ҰБТ-ге қызу дайындық жұмыстары басталып кеткен болатын.
Биылғы оқу жылында қала мектептеріндегі мектеп бітіруші түлектер саны – 6691, оның ішінде 4294 оқушы қазақ, 1315 оқушы орыс, ал 1082-сі өзбек сыныбын бітірушілер болып табылады. Қаңтар айындағы болжам бойынша ҰБТ-ді тапсыруға ниет білдіріп отырған оқушы саны – 4238. (Өзбек тілінде білім алатын 1082 оқушыны есепке алмағанда қатысу пайызы – 75,5).
Мектеп бітіруші түлек, жадыңда болсын!
– Біріншіден, тест спецификациясы өзгерді. Өте жеңіл сұрақтар алынып тасталып, орташа деңгейдегі сауалдар көбейді. Күрделі сұрақтар өзгеріссіз қалды;
– Екіншіден, ҰБТ өткізу кезінде тәртіп бұзған оқушылар ескертусіз-ақ аудиториядан шығарылады. Олардың тест жауаптары есепке алынбайды;
– Үшіншіден, тәртіпбұзушылық бойынша шешімді министрліктің өкілдері ғана қабылдайды.
Бітіруші түлектерге кеңесім:
– Ең алдымен, дайындық жасайтын қолайлы жер даярла: үстелден керексіз заттарды алып таста, кітаптарыңды, дәптер, қағаз, қарандаштарыңды және т.б. өзіңе қолайлы етіп орналастыр.
– Бөлме интерьеріне сары мен күлгін түстерді көптеп енгізуге болады, себебі бұл түстер интеллектуалды белсенділікті арттырады. Бұл үшін осы түстегі қандай да бір суретті іліп қою жеткілікті.
– Дайындық жоспарын жаса. Әр күнге арнап айқын жоспар құрғанда, дәл сол күні нені оқып білетініңді айқында. Жалпы «шамалы дайындаламын» емес, тақырыптар мен бөлімдерді айқын белгіле.
– Өзіңнің ең нашар білетін қиын тақырыбыңнан баста. Ал егер олай ету саған қиын болса, өзіңе қызықты әрі түсініктісінен баста. Мүмкін, осылайша сен жұмыс ырғағына тез еніп кетерсің.
– Дайындық пен дем алуды кезектестіріп тұр, айталық 40 минут дайындық, 10 минут үзіліс. Үзіліс уақытында ыдыс жуып, гүл суаруға немесе душқа түсіп не сергіту жаттығуларын жасауға болады. Кітаптың ішіндегінің барлығын жаттап алуға тырысудың керегі жоқ. Оқылған материалды қорыту үшін қағазға сызбалар жасап қоюға болады. Бұндай жоспарлар оқылған материалды тез қайталап, еске түсіруге пайдалы.
– Қолыңа секундомер алып, тестілеуге кететін уақытты есепте.
Түлектердің көпшілігі ҰБТ-ге толық дайындалу үшін ҰБТ алдындағы соңғы бір күннің жетпей қалатындығын айтады. Бұл дұрыс емес. Сен шаршадың, өзіңді одан әрі қажытудың қажеті жоқ. Керісінше демал, душқа түс, қыдыр. «Күресуге» дайын болатындай, өзіңді дені сау, сергек сезінетіндей ұйқыңды қандырып алғаның дұрыс. Себебі тестілеу – ол да бір өзіңнің қабілетіңді, мүмкіндігіңді көрсететін өзінше күрес емес пе?!
ҰБТ болатын орталыққа жарты сағатқа ертерек келуге тырыс. Өзіңмен бірге төлқұжатыңды, рұқсатнамаңды, бірнеше қара сиялы қаламыңды алуды ұмытпа!
Сонымен, дайындық кезеңі артта қалды. Өзіңді тепе-теңдікке түсіру үшін бір-екі минутыңды аяма. Демал, тыныштан. Мұның бәрі өмірлік тәжірибем мен кезінде осы кезеңнен өткендердің кеңесінен түйгендерім.
Білімді сарапқа салу мен саралаудың қатал безбені – ҰБТ-де, жас түлек, әрдайым асығың алшысынан түсіп, егемен елдің еңсесін көтеріп, оның әр саласында қызмет ететін болашақ мамандықтың иегері болатын грантқа қол жеткізуіңе тілектеспін.
Ата – аналардың назарына!
Құрметті 11-сыныпты бітіруші түлектердің ата-аналары! Егер де Сіздердің балаларыңыздан мектептің техникалық хатшысы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін әр түрлі себептермен өтініш қабылдамаса, төменде көрсетілген мекенжайда орналасқан ұлттық бірыңғай тестілеу өткізетін орталықтарға барып, өтініш жазуларыңызға болады.
Ынтымақ Мәдиев,
Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы
«Оңтүстік Рабат», №19, 13.05.2015