Бірыңғай Зейнетақы Жинақтаушы Қорына қатысты тағы да шу шықты. Парламенттің төменгі палатасында зейнетақы туралы заңнамаға өзгеріс енгізу туралы заң жобасын таныстыру кезінде Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Қордан 90 миллиард теңгенің шегеріліп тасталғанын айтты.
Төменгі палатада зейнетақы туралы заңнамаға өзгеріс енгізу туралы заң жобасын таныстыруға келген Ұлттық банк төрағасының орынбасары Дина Ғалиева бұл мәселені түсіндіріп өтті:
«Есептен шығару барлық зейнетақы қорлары БЖЗҚ-ға біріккеннен кейін жүргізілді. Жинақ сомасына байланысты біреулерден 10 мың теңге, біреулерден 70 мың теңге шегерілді. Жалпы, Қазақстан бойынша барлық жинақ көлемі 4,5 трлн теңге, біз оның 2%-ын есептен шығардық», – деді Д.Ғалиева.
Бейнетінің зейнетінен үміттеніп жүрген көптің қорынан бір ауданның бюджетіне пара-пар соманың «шуын шығармай» шегеріп тасталуы мәжілісмендерді – жұмсартып айтқанда – таң қалдырды. Депутат Мұхтар Тінікеев ондай банкирлерді «отырғызу қажет» деп ойлайтынын да жасырмады.
«Қайда ол ақша?…. Шет елдік аудиторларды жалдайсыздар, оларға қыруар жалақы төлейсіздер. Олар сіздерге сол ақшаны ұрлағандардың аты жөнін атап берді ме? Әлде ол ақшаның қайда кеткенін айтып берді ме? Сол аудиторларға қанша қаражат төледіңіздер? Әр банктің өз сақтандырушы компаниясы бар еді. Ақшаны олар өз шаруасына жаратты. Несиесін жапты, сол ақшадан ауызбастырық алып отырды. Енді келіп, ақшаның қайда кеткенін «білмейміз» дейміз. Ондай банкирлерді түрмеге жабу керек»,-деді депутат.
Бірақ, енді кеш. Зейнетақы жинақтаушы қорларда «шикіліктің барын» Ұлттық Банк бұрын да айтқан. Активтерді Бірыңғай қорға өткізердің алдында 26 эмитент (өз қызметін қаржыландыру мақсатында құнды қағаз шығарушы ұйым-авт) өз міндеттемелерін орындамаған. Салдарынан, олардың «құнды» деген қағаздары кәдімгі макулатураға айналып отыр. Алайда, Бірыңғай Жинақтаушы Зейнетақы Қорына (БЖЗҚ) құны жоқ ондай құнды қағаздар әрекеттегі актив ретінде өткізіліп кеткен. Сол кездегі ескерту тым қаржылық «ғылыми» тілмен айтылғандықтан түсініксіз боп қалды ма, әйтеуір не үкімет не депутаттар бұл мәселеге аса мән бере қойған жоқ -тын. Сөйтіп, қорларда қордалған активтердің не себепті құнсызданғанымен ешкім (құық қорғау органдары да) қызыға қойған жоқ.
Оны қойшы, бар гәп көптің қаржысы «жойылып» кеткені ертерек емес, енді ғана айтыла бастағанында. Мәселенің мәніне үңілетіндер іс бітіп, қу кеткен соң кімді іздейді ?
Жарайды, өткенге салауат дейік те, қалған қаржыға шүкірлік етейік. Дей тұрғанмен, болашақ зейнеткерлердің қаржысын бүгін басқарып отырған Ұлттық банкке де сауалдар баршылық. Мәселен, Зейнатақы қорларын бір арнаға топтасытур не үшін қажет болды? Оның бұрынғы жүйеден артықшылығы қайсы? Мұны әлі күнге сол қорға қаржысын салып жүрген қарапайым азаматтар түсіне алмайды. Осы біріңғай қордың қаржысын жұмсау туралы түрлі ұсыныстар айтылды. Осыдан екі жыл бұрын Ұлттық Банкті басқарған Марченко мырза Қордағы қаржының 20 пайызына шет елдік қымбат бағалы қағаздар (акциялар, вексельдер т.с.с.) сатып алуды ұсынды. Сол арқылы Бірыңғай зейнетақы қорының табысын арттыруға болады деп болжаған. Әлемдік экономика мен құнды қағаздар нарығының құбылып отырғанын ескерсек, бұл ұсыныс қаншалықты тиімді екенін тек шамалап қана пайымдауға болады. Қазірдің өзінде қордағы қаражат елдегі мега жобалар мен тау-кен өндірісін дамытуға жұмсала бас-тады. Сонда да болса, Қордың табысы әлі арта қойған жоқ. Неге? Зейнетақы қорлары біріктірілген 2014 жылдың 26 наурызынан БЖЗҚ 8,5% шамасында табыс түскен.
Бекжігіт МӘУЛЕНОВ
«Оңтүстік Рабат», №18, 06.05.2015