Шымкент маңындағы Жаңақұрылыс елдімекенінің тұрғындары жаңа тұрмыста өмір сүруден үмітті. Сайрам ауданындағы Бадам алыбынан қалаға қосылған 80 түтін үйде коммуналдық проблема шаш-етектен. 2009 жылдан бері мұндағы тұрғындарға Сайрам ауданы тарапынан ешқандай қолдау жасалмапты.

001

Енді Шымкент қаласындағы Әл Фараби аудандық әкімдігі күрмеуі көп мәселелерін шешуді қолға алды. Аудан әкімі ауыл тұрғындарымен арнайы барып танысты, мәселелерін тыңдады.

Халық арасында «Жаңақұрылыс» атына ие болған аумақта 100-ге тарта баспана бар. Осыдан 6-7 жыл бұрын көшіп келген ағайын коммуналдық қажеттіліктің тауқыметін бір кісідей тартып келеді. Қала аумағына өткендеріне қуанған жұрт жағдайларын айтып, Әл Фараби ауданы әкіміне жиі барады. Нәтижесі де жаман емес — күн құрғақта шаңнан, жауын-шашында балшықтан жүре алмайтын жұртшылыққа 2 шақырым шағал тас төсеп беріліпті.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=xYbGKmLO6FE[/youtube]

Мұнымен тұрғындардың түйткілді мәселелері таусылмайды. Ағайын ауызсуға, жарыққа, қоғамдық көлікке жарымай отыр. Ауызсуды сатып ішетін жерлестеріміз элекр жарығын осындағы мал фермасынан тартып алған. Ал қалаға қатынау — қиынның қиыны. Қоғамдық көлікке жету үшін бірнеше шақырым жаяу жүреді.

Аудан әкімі бұл мәселелерді біртіндеп шешілетіне сөз берді. Барлығын әлеуметтік картаға тізіп алғанын айтты.

Нұрлан Жаңабай