«Қазақстан спорт саласынан көштің басында болуы керек». Бүгін Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының студенттерімен кездескен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Жақсылық Үшкемпіров осылай деді.
Спорт ардагерінің айтуынша, 30 жастан асқан адам да әлемді мойындатуға қауқарлы. Сондықтан дайындық-еңбекті қалт жібермеу қажет. Грек-рим күресінен Қазақстаннан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы студенттер алдында қазір де спорттан қол үзбегенін айтты.
Қазіргі таңда Жақсылық аға шәкірт тәрбиелеп, спорт саласының дамуына сеп болуда. Әлем чемпионы студенттердің қойған сауалдарына ыждахатпен жауап берді. Мақсатына жетуі үшін түрлі тәуекелдерге де барғанын айтты.
Жақсылық Үшкемпіров, ҚР Еңбегі сіңген спорт шебері, Олимпиада ойындарының чемпионы: «Өзім кезінде аш жүріп күрескен кезім болды. Мен тамақтың дәмін ғана біліп жүрдім. 15 жыл бойы нан жеген жоқпын, тек өзге тамақтарды тұтындым. Мұның барлығы семіріп кетпеуім үшін, салмағымды тұрақты ұстап тұру үшін жасалды. Ал Кеңес Одағы заманында сәл ғана салмағың асып кетсе, бітті, сайыстарға қатыстырмайды. Өзге де үміткерлер толып жатыр, «Мен чемпион боламын! Жоқ, мен чемпион боламын!» деп өзге де одақтас республиканың жігіттері таласқа түсетін. Сол бәсекелестікті болдырмас үшін, өзім жеңімпаз болу үшін осындай тәуекелдерге бардым. Қазір мұны айтуға оңай, бірақ ол кезде бұл мен үшін үлкен мәселе болды. Мен жағдайды тек жетістікке жету арқылы жеңілдетіп отырдым».
Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері қазір кәсіпкерлік салаға де бет бұрыпты. Ірі қара мал шаруашылығына ден қойған. Спорт шебері өзінің бұл ісі ата кәсіпті жалғау ғана емес, қоғамда жұмыссыздардың қатарын да азайту екенін айтады.
Кездесу соңында студенттер спорт саңлағына арнаған өлеңдерін оқып, патриоттық ән-тартуларын шырқады.