Шымкенттегі Әл Фараби полиция бөлімінің қызметкерлері қаламыздағы жеңіл жүрісті қыздар топтасатын сауна, монша және қонақ үйлерге тексеру жүргізді. Бұл жолы тәртіп сақшыларының құрығына түскендер көп болды.

001 (1)

Құқық қорғаушылар алдымен саунаның есіктерін жауып қойды. Түнгі көбелектер және жыныстық қызмет көрсету үшін ақы төлегендер мұндайды күтпесе керек. Бірнеше минут өтпестен оншақты жеңіл жүрісті қыздар анықталды.

Тәртіп сақшыларының тексерулеріне оңай жолмен ақша тауып, арын сатқан қыздардың еті үйреніп кеткен. Түнгі көбелектер тек бейнекамераға жүзін көрсетуден қашады. Өйткені ата-анасы мен туған-туысы танып қояды.

Айгерім: «Маған ақша керек болды. Арнайы білімім жоқ. Еш жерге жұмысқа да алмайды. Ал арзымайтын 30 мың теңгеге жалданып, жұмыс жасағым келмейді. Мұндай ақшамен Шымкентте өмір сүру қиын».

Белгілі болғаны сол жезөкше қыздар мұнда тек келушілерге қызмет көрсетіп қана қоймай, ғимараттың екінші қабатын паналап келген. Гигиеналық сақтық шаралары сақталмаған аядай ғана бөлмеде 10 бойжеткен тұрады екен.

Сезім: «Қалада өзімнің пәтерім бар. Мұнда ақшамды жолкіреге шығындамас үшін тұрып жатырмын».

001 (2)

Тексеру кезінде қызыққа батамын деп осында келіп, қиындыққа тап болған жігіттер де, ұсталған қыздар да Әл Фараби полиция бөліміне жеткізіледі. Олардың мұнда жеке басының мәліметтері анықталған соң әрқайсысынан түсініктеме және саусақ таңбалары алынатын болады. Ал сауна иелерінің жеңгетайлықпен айналысқандары дәлелденсе, жазадан құтылмасы анық.