1941 жыл бақытты балағымен қош айтысып, ерте есейген жанның бірі — Дүрия Елтаева. Әжей соғысты жақындатуда орасан зор үлес қосқандардың бел ортасында. Отбасындағы ер-азаматтар соғысқа аттанған соң 13 жасар жеткіншек бар тауқыметті мойна артып, белін бекем бууына тура келді. Өзі қатар өрімдей қыздармен бірге қолына күрек ұстап, еңбекке ерте араласты.
— Соғыс басталғанда әкем мен туған ағам әскерге кетті. Анам жарықтық ауру еді, — деп есін алады Дүрия апа. — Бір жарым жасар інім бар. Үйдің үлкені және еңбекке жарамдысы мен болдым. Кімге арқа сүйейсің?! Сенетін ешкімім жоқ. Бауырларымды асырауым керек. Сөйтіп, өзім сияқты қыздармен бірге анамның орнына колхозға жұмысқа шықтым. Біз сол шақта әкелеріміз, ағаларымыз, ер-азаматтар соғыстан аман оралса екен. Қарнымыз тоқ болса екен деп тіледік…»
Cайрам ауданы, Өтеміс колхозында дүниеге келген апа осылайша тылдағы еңбектің қақ ортасында жүрді. Таң атпастан тұрып, мақта екті, шапты, терді. Күніне 100 келіден аса мақта теріп, оны 50 келілік қаптармен таразыға өлшеуге апаратын. Жерге шашатын көңді ат-арба жоқ, арқалап қаппен тасыды. Кейінгі жылдары бидай егіп, бір уысын шығармай жинап алатын.
— Мақта шауып жүріп, екі аяғымыз тілініп, жарылып, тікен кіріп, қатты қиналатынбыз. Өйткені, киетін аяқ киіміміз жоқ, — деп жалғастырады әңгімесін Дүрия апа. Жылы су да таппаушы едік. Әйтеуір, кешке үйге келісімен аяғымызды суық жуға жуып алып, солидор майын жағып қоятынбыз. Азанға дейін кішкене жібіп, амалдаушы едік. Ол кезде аяғым ауырды деп еркелейтін заман емес. Ертеңіне жалақ аяқ, жалаң бас, қайта жұмысқа кетеміз. Әрі ашпыз, барды қанағат етіп, жүрек жалғағанға қуанатынбыз. Қарнымыз ашқаны соншалық, түрлі шөп жеп, әл жинаймыз. Адам жеуге жарамды шөптер көп болушы еді. Бір қуаныштысы, ауырмайтын едік. Қазір ойлап қарасам, сол шөптер дәруменге тола болған екен.»
Мына келі-сапты көрген сайын Дүрия апаның есіне сонау соғыстың сұмдық көріністері бірден түседі. Десе те бұл жәдігер — бала кезінен келған жалғыз дүние. Өйткені аш-жалаңаш жылдары пайданған өзге заттар қалмаған. Келі-саппен бұрынғыдай тары мен талқан түйе алмайды, қауқары қалмаған. Тек бауырларын қалай асырағынын еске алады.
Ал тылдағы жұмыстан қолы қалт ете қалса, ангор жібін араластырып, желеткі, жүннен киім, шұлық пен қолғап, төсеніштер мен текеметтер тоқыған. Соғыстың қиындығы мен жоқшылықтың қамытын киген тыл ардагері тек үш айлық қана білім алыпты. Кейін білімін жалғастырып, жазу-сызуды игеремін деген ойы еш орындалмапты. Алайда қатал тағдырдың тауқыметін еш моймай көтерген батыр ана, «Күміс алқа» иегері бүгінде 6 баланы тәрбиелеп, 22 шөбере сүйіп отыр.
29 сәуір күні тыл ардагері 85-ші рет көктемін қарсы алды. 85 жасын тыныш заманда, отбасымен бірге қарсы алды. Ғасырға жуық өмір сүрген ғұмырында қиыншылықты да, қуанышты да қатар көрген ананың тек жалғыз тілегі бар. Тыныш өмірі ұзағынан болғай, ұрпағымыз біз көрген қиындықты көрмесе екен дейді.