«Қасірет аралы» тарихи драмасы сахналанды

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осы күні Шымкентте бірі екіншісіне жалғасқан бірқатар іс-шара өтті. Таң қылаң бере Оңтүстік жұртшылығы «Қасірет» мемориал кешеніне ағылды.

22-007

«Қасірет» мемориалы бұрнағы Түлкілісай, бүгінгі Қайтпас елдімекенінде орналасқан. Ел арасында бұл сайдың Албастысай деген және бір атауы болған.

Мұнда сонау 1937-1938 жылдары репрессияның қанды шеңгеліне ілінген боздақтарды атып, бір шұңқырға көмген. Көмусіз қалып, ит-құсқа жем болғаны қаншама?!

22-003

Жендет қолынан атылған қорғасын оқ жанын алмай, шалажансар күйінде өмір мен өлімнің арасында талай күндері азап шеккен арыстардың дауыстары қозы көш жерден естілген деседі. Түн баласына тәнге түскен жарадан жаны қиналып, ыңырсыған азаматтардың үрей мен налаға толы дауысынан құлақ тұнған. Жергілікті жұртшылық сондықтан да бұл мекенге Албастысай деп ат қояды.

Қазақ даласында бас көтерер зиялыларды қудалау саясаты өткен ғасырдың 20-жылдарының ортасында басталды. Голощекин билігі қазақ арасындағы көпті соңынан ерте алатын, ұлт қамын өз мүддесінен жоғары қоятын азаматтарын жоқ қылып, халықты көгендеулі қойдың күйіне түсіруді көздеді.

22-009

 

 

Қазақ зиялыларын шетінен «халық жауы» атандырып, қамауға алды. Бірін атып, екіншісін итжеккенге айдады.

1937-38 жылдары КСРО аумағында 3 млндай адам «халық жауы» деп ұсталған. Соның ішінде Қазақстаннан 103 мыңдай адам ұсталса, олардың 25 мыңы атылды. Біздің облысымыздан атылған азаматтардың саны 2500-ге жетіп жығылды.

Осынау саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні«Қасірет» мемориал кешеніне жиналған көпшіліктің қарасы қалың болды. Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков және қала әкімі Дархан Сатыбалды бастаған көпшілік кешен аумағындағы ескерткіштерге гүл шоғын қойып, ата-баба рухына тағзым етті.

22-006

Кабира Карабалина, Саяси қуғын-сүргін құрбаны Ұзақбай Құлымбетовтың қызы:

– Қойылымнан өз анам Айышты көрдім. Тірідей айырылған анамды көріп, жан-жүрегім езіліп сала берді. Анамның АЛЖИР-дегі ауыр тұрмысына куә болдым. Сталиндік жүйенің мұндай қатігездігіне нала айттым. Мұндай зобалаң енді қайталанбасын деп тілеймін. Ананы баладан, баланы анадан айырмасын. Тарихымыздың қайғы-қасіретке толы жылдары еш ұмытылмауы керек. Бүгінгі ұрпақ ата-бабасы өткен жолдың қаншалықты ауыр болғанын білуі қажет.

«Қасірет» кешенінен басталған шеру облыстық орыс драма театрында жалғасты. Мұнда ел мен жердің амандығы үшін жанын қиған бабалардың рухына арнап бағышталған «Тағзым» атты іс-шара ұйымдастырылды. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық туралы түсірілген деректі фильмдер көрсетілді.

22-005

Драматург Сая Қасымбектің «Қасірет аралы» атты тарихи драмасы алғаш рет театр сахнасында қойылды. Қоюшы-режиссері – Самат Алтай.

«Қасірет аралында» Қарағандыдан құрылған АЛЖИР лагеріндегі тұтқын әйелдердің тіршілігі көрсетілді.

АЛЖИР лагерінде «халық жауы» деп аталып, атылған азаматтардың жарлары ұсталған. «Халық жауларының» әйелдері сол кездегі РКСФР Қылмыстық кодексінің 58 бабы, 17 тармағы бойынша 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ал, жазасын өтеп жүрген азаматтардың әйелдері 3 жылдан 5 жыл мерзімге дейін қамалды.

22-004

Ханбибі Есенқарақызы, ОҚО саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражай директоры, ақын:

– 31 мамыр – ешқандай да құттықтау күні емес. Бұл аза тұтып, өткенді еске алатын күн. Болашақ ұрпаққа тарихтың ақтаңдақтарын танытуымыз міндет. Еске алу кешіне Созақ ауданынан 200-ден астам бала келіп отыр. Жас жеткіншектер қазақ тарихындағы репрессия мен ашаршылық жылдарының сұмдығын біліп, өткенінен хабардар болуға тиіс. 2017 жылы біздің мұражайымызға 15 жыл, саяси қуғын-сүргін құрбандарына 80 жыл толады.

Тұтқындардың қатарында Тұрар Рысқұловтың әйелі Ғазиза Рысқұлова, Бейімбет Майлиннің әйелі Гүлжамал Майлина, Жұмат Шаниннің әйелі Жанбике, Сұлтанбек Қожановтың әйелі Күләнда Қожанова сынды адал жарлар бар еді.

1937-1938 жылдары қазақ азаматтарымен қатар, оннан астам қазақ қыз-келіншектері атылған. Солардың бірі – Шахзода Аронқызы Шонанова. Шахзода – белгілі қоғам қайраткері, заңгер Бақытжан Қаратаевтың туған інісі Аронның қызы болған.

22-008

АЛЖИР-ден Қазақстанның әр өңіріндегі балалар үйіне таратылып, «халық жауының» балалары деген атпен өскен ұрпақтары да облысымыздағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға қатысты. Атап айтқанда, Алматыдан: Жұмат Шаниннің ұрпағы Райхан Қасымханқызы, Тәңірберген Отарбаевтың қызы Ұлжан, Ұзақбай Құлымбетовтың қызы Кабира Карабалина, Бөкейханов Ғабдулхакимнің ұлы Диас Бөкейханов, Кенесарин Әзімханның немересі Раушан Кенесарина, Астанадан: С.Қожановтың немересі Светлана Қожанова, Хайредин Болғанбаевтың немересі Құралай Камилова, Қарағандыдан Кенесары ханның ұрпағы Асылхан Әшімханов, Мауленқұл Байзақовтың ұлы Фархат Байзақов келді.

Одан бөлек Оңтүстіктің әр аудандарынан да «халық жауы» атанған ерлердің балалары мен немерелері жиналды.

22-010

Олармен тілдесіп, білгеніміз: барлығы да әке-аталары ақталғанға дейін «халық жауының» баласы деп, шеттетіліп келгендерін, тек ақталғаннан кейін ғана өздеріне қатысты көзқарастың түзелгенін айтады.

Анасы Айыш АЛЖИР-ге қамалып, Алматыдан Оңтүстікке, дәлірегі Сайрам ауданындағы Балалар үйіне жіберілген жандардың бірі – Кабира Карабалина. Алматыда кісі үйін жағалап, қораға қонып, аш-жалаңаш жүрген ол осында оқып, білім алады.

«Тағзым» еске алу кешінен соң, саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына ас беріліп, құран бағыштады.

22-002

Баршагүл Исабекова, ОҚМПУ-дің оқу ісі жөніндегі проректоры:

– АЛЖИР-дегі аналарымыздың жағдайы өте ауыр болды. Есімі елге белгілі Алаш азаматтарының сүйгендері осында ұсталды. Сәкен Сейфуллиннің баласы Аян анасымен бірге осында әкелініп, көп уақыт өтпей көз жұмады. Анасы кеудесінде жаны жоқ баласын үш күн бойына құшағында қысып, ешкімге бермей жүреді. Қаншама ана іштегі баласын тұтқын лагерінде босанды. Деректерге қарағанда, АЛЖИР-де барлығы 1706 бала дүниеге келген. Олар екі жасқа дейін анасының қасында болады. Екі жасында түнгі уақытта оларды анасынан айырып,Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі балалар үйлеріне жөнелтеді. АЛЖИР балаларын қабылдағандардың қатарында Сайрам ауданындағы балалар үйі де бар.

Жәнібек Нұрыш

«Оңтүстік Рабат», №22, 03.06.2015