Халықпен тығыз қарым-қатынас орнатып, тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ асып, мүддесін қорғайтын учаскелік полиция инспекторларының көтерген жүгі ауыр. Надир Халметов, әл-Фараби аудандық полиция бөлімінің ювенальдық полициясының аға инспекторы, полиция майоры. Осы міндетін адал атқарып келеді.
Надир Адхамжанұлының күнделікті жұмысы Шымкент қаласындағы М.Лермонтов атындағы мектептің жанындағы жүргінші жолдан басталады. Инспектор оқушылардың жолдан өту қауіпсіздігін бақылайды. Таңғы сағат 8.00-де жұмыс қамына кіріскен қара кешке дейін оқушылар арасындағы орын алатын басқа да келеңсіз жағдайларды анықтап, оңтайлы шешуге септігін тигізіп жүреді.
Оқушылар арасында жиі қайталанатын жағдай сабаққа уақтылы келмеу, сабақтан қашу, беймезгіл уақытта ойынханада жүру екен. Осы мәселелерге байланысты мән-жайды анықтау міндетін инспектор мектеп мұғалімдерімен бірлесе жүріп атқарады. Әсіресе, сабаққа келмей не болмаса қашып кеткен оқушылардың ата-аналарына ескерту жасалып, қайталанған жағдайда айыппұл төлетеді. Осындай қатаң талаптың нәтижесінде бұзақылыққа жол берген балалар тәртіпке бас иіп, жақсы жағынан көріне бастапты. Тәртіп сақшысының айтуынша, бүгінде әл-Фараби ауданы бойынша 4, мектеп тарапынан 11 жасөспірім есепте тұр. Бүгінде бұл балалар жаман қылықтарынан арылып, дұрыс жолға түсе бастаған.
Инспектор оқушылар арасында қоғамдық ортада және басқа да жағдайларда орын алатын қылмыс түрлеріне түсінік беріп, лекциялар оқып тұрады.
Өз ісіне адал, ұқыптылық танытатын инспектордың еңбегі еленіп, бағаланып, 2014 жылы желтоқсанда «Ең үздік полиция қызметкері» деп танылды. Бүгінде осы үміттің үдесінен шығып жүрген тәртіп сақшысы жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алып қана қоймай, мәселенің оңтайлы шешілуіне септігін тигізіп келеді.
– Тұрғындардың сенімді тірегі болу үшін ең алдымен тұрғындармен тіл табыса білу керек, – дейді үздік полиция қызметкері.
23 маусым полиция қызметкерлері күні қарсаңында ел тыныштығын, қоғамдық тәртіпті сақтауда өз үлесін қосып жүрген полиция майоры Надир Халметовты және ішкі істер бөлімінде тынымсыз еңбек етіп жатқан құқық қорғау органының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тілейміз.
Лаура Сапарбекова