«120 балл — №68 мектептің тарихында болмаған көрсеткіш»

«Отырар TV» телеарнасының «Бізде қонақта» тұрақты айдарының кезекті қонақтары — ҰБТ-да Шымкенттегі №68 мектептің түлегі, 120 балл жинаған Ұлжалғас Медетова мен мектеп директоры Құрбанәлі Кенжебаев.

— Қош келіпсіздер! Құрбанәлі аға, ұлттық біріңғай тестілеудің алғашқы күнінде сынақ тапсырған №68 мектеп ұжымы үшін үлкен қуаныш болар. Өйткені оқушыларыңыз ата-ананың, ұстаздың, мектептің абыройын көтеріп, жоғары бал жинап жатыр екен…

-Ия, өте қуаныштымыз. Тіпті көзіме жас келді. Өйткені өзіміз тәрбиелеп ұшырған шәкірттеріміз жоғары балл жинап, үлке көрсеткішке ие болып жатыр. Бұл — барлық ұстаздардың еңбегінің жемісі, үмітінің ақталғаны. Сондықтан мектебімізде тойлап жатырмыз, мереке әлі жалғасуда.

— Мектеп тарихында алғаш рет «Алтын белгіге» ұсынылған оқушы үздік аттестатқа ие болыпты…

-Ол рас. Өйткені бұл мектеп 2001 жылға дейін 4 сыныпқа дейінгі негізгі білім беру орталығы болса, сол жылдан бастап 11 сыныптық мектеп болып жұмыс жасай бастады. Яғни біз биыл осымен 4-рет түлектерді шығарып салып отырмыз. Бұған дейін мектеп тарихында мұндай жоғары балл жинап, «Қызыл» аттестатты алған оқушы болған емес. Сондықтан мерейіміз  тасып, қуанып жатырмыз.

— Құрбанәлі аға, енді мектептің биылғы білім көрсеткішіні қанша балды құрады?

— Мен №68 мектепке 2014 жылы келдім. Бір жылдан бері директорлық қызмет атқарудамын. Оқушыларымыз бар жан-тәнімен тестілеуге дайындалды. Ал сынақтың қорытындысы бойынша мектептің орташа балы 90-ға тең болды.  Өйткені 5 оқушымыз 100-ден аса балл жинады. Айта кетерлігі, бір де бір оқушы ақылы түрде арнайы курстарға барған жоқ, оларды тек мектептің мұғалімдері дайындады.

— Ал былтырғы тесттің қорытындысы бойынша білім қорытындысы қандай болып еді?

— Былтыр оқушыларымз төмен көрсеткіш көрсетіп, қаламыздағы білім ошақтары рейтінгісінде төменгі орыннан көрінген болатын. Ал биыл сол кемшіліктермен жұмыс жасап, түлектерді қайрап, дайындап, сынақты жақсы тапсырып шықтық.

— Ұлжалғас, 120 балл алу оңай емес. Осылай болады деген ой келді ме?

— Мен тестілеуге барғанда 125 балл жинаймын деген алдыма мақсат қойдым. Еш абыржу, қобалжу болған жоқ. Біліміме, күшіме нық сендім. Өкінішке орай, 125 балға жетпедім, бірақ еш өкініш жоқ. Бұл көрсеткішке де шүкір, ризамын.

— Қандай сұрақтар болды? Тапсырмалар қиын болған жоқ па?

-Жоқ, маған еш қиын соққан жоқ. Өзім дайындалып жүрген сұрақтар келді. Дайындығым жақсы болғандықтан, ондағы есептер, тапсырмаларды тез орындап шықтым. Егер ерінбей дайындалсаң, оқысаң, кітаптарды ақтарып, қайталап шықсаң, жоғары балға қол жеткізуге болатынына көзім жетті.

— Тестілеудің қорытындысын естігенде қандай сезімде болдың?

— Әрине, өте қатты қуандым. Бір шетінен ата-анамның, ұстаздарымның үмітін ақтағаным үшін, екіншіден өзім қалаған мамандыққа түсу үшін балымның жеткілікті болғаны үшін.

— Енді қайда оқуды түсуді жоспарлап отырсың? Мамандық таңдап қойған боларсың?

— Менің таңдаған төртінші пәнім — география. Астана қаласына барып, менеджмент мамандығы бойынша құжаттарымды тапсырсам деймін.

— Ұлжалғас, біз саған тек сәттілік тілейміз. Жоғары оқу орнына гранттық негізге оқуға түсуіңе, өзің қалаған мамандық иесі атануыңа тілектеспін. Құрбанәлі аға, сұхбатыңызға рахмет! Үздік шәкірттеріңіз көп болсын!