31 мамыр – Cаяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл барша қазақстандық үшін өзіндік орны бар айтулы дата. Ашаршылық жылдары қазақ халқын ойсыратып кетті.
Мәселен, 1929 жылы Қазақстандағы мал басы саны 40 млн-ға жеткен. Ал 1933 жылы олардың саны 4 млн-ға құлдырады. Оған қоса 1937 жылы репрессия келіп қосылды. Талай жазықсыз жан халық жауы атанып, тіпті масақ тергені үшін сотталып, атылып кете барды. Тар жол, тайғақ кешу жылдарында қаншама қазақ қыршынынан қиылды.
Әділетсіз жүйе мыңдаған боздақты «халық жауы» деп, қорғасын оққа байлады. Қуғын-сүргінге ұшырап, атылды.
Ата-баба аңсаған бейбіт өмір, тоқшылық заман бүгінгі ұрпаққа бұйырды.
Осы күнге «Тәубе» айтып, өткенімізді ұмытпау — барлығымыздың борышымыз.
Зұлмат жылдардың небір зұлымдығы туралы айтпас бұрын, алдымен Шымкенттегі саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайына арнайы бардық. Қызметкерлерімен тілдестік. Облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайы қызметкерлерінің айтуынша, Сталиннің қанды шеңгелі қазақ даласына төнген репрессия жылдарында біздің облыста 3 күнде 75 адам атылыпты. Жалпы ату жазасына кесілгендер саны облыс бойынша 2,5 мыңға жеткен, 7 мың адам қамалған.
Ханбибі Есенқарақызы басшылық ететін мұражай 2001 жылдың 2 қарашасында Президент Н.Назарбаевтың тікелей қатысуымен ашылған. Тарихи орынның негізгі идеясының жүзеге асуына ҚР Еңбегі сіңген өнер қайраткері, суретші Аманжол Найманбайдың еңбегі зор.
Айта кетейік, Елбасы Н.Назарбаевтың бұйрығымен 1997 жылдан бастап 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып бекітілді. Содан бері елдің түкпір-түкпірінде аталған датаға орай іс-шаралар өткізіліп келеді. Біздің облыс та бұл шараларды өткізуден тыс қалған емес. Биыл да еске алу күнін атап өтуге мұражай қызметкерлері қызу дайындық үстінде. Жыл сайын әдеттегідей құрбандар рухына тағзым ретінде ескерткішке гүл шоқтары қойылады. Қуғын-сүргінге ұшырағандардың бүгінгі ұрпақтарының басын қосып, ас беру шарасы биыл да өз жалғасын табады.
Жансая Тәуекелқызы
«Оңтүстік Рабат», №21, 27.05.2015