Алыптарды­ң асыл қасиеттерi

Бұл ұлы тұлғалар X-XII ғасырларда қатар өмір сүрген замандастар болатын.

Жүсіп Баласағұн шамамен 1018 жылдары туылып, Баласағұн шаһарының маңында өмір сүрген. Жүсіптің жас-тайынан өнерге, білімге деген құштарлығы сол тұстағы Қарахан мемлекетінің хан сарайында қызмет етіп, білім алуынан басталады. Қараханиттер мемлекетінің астанасы Баласағұн (Күз-Орда) шаһары мәдениет, ғылым, білім саласында басқа қалалармен салыстырғанда оқ бойы озық тұрған еді. Жүсіптің өмір сүрген заманында білім мен мәдениет гүлдене бастаған, атақты ойшылдардың кітаптары, рубаяттары мен ақылды нақыл сөздері бел ала бастаған кез болған. Дүниежүзінің бірінші ұстазы аталатын, грек философиясының ең ірі өкілі, атақты Аристотельдің еңбектері, екінші ұстаз саналатын әл-Фарабидің шығармалары және Ибн-Сина, Махмұд Қашғари, Қ.А.Ясауи, Иүгінеки, тағы басқа ірі ғұламалардың ілімдері көшпенділер арасында білім-ілімге бетбұрыс жасағанына тарих куә. Осы кезде талас-тартыстан, қырылысудан шаршап, әбден мезі болған түркі тектес халықтар ру-руға бөлініп, ыдырасып жатқан кезеңдердің болғаны да тарихымыздан белгілі.

24-004

 

Дәл сол уақытта соғыссыз, мамыражай бейбіт өмір сүргісі келетін ру-тайпалар Oрта Азия төңірегінде өркендеп өсіп келе жатқан еді. Олар Қарахан мемлекетіне бірігіп, ел басқару династиясы нығая бастады. Қарахан мемлекетінің көшпелі билік ордасы сол кездегі Ұлы Жібек жолы бойындағы мәдениеті, әдебиеті, экономикасы дамыған ірі қалаларының бірі – Қашқар қаласында орнады. Кейіннен Талас, Тараз, Испинжап, Шаш, Бухара, Ясауи, Созақ, тағы басқа Орта Азия мекендерінде де көрініс берген. Қарахан мемлекетін елдің ұлы көсемі, атақты Табғаш (күшті, пәрменді мағынасында – қазіргі Қытайдың солтүстік өңіріндегі Алтай түркілерінің тіл жүйесіндегі сөзі) Қара-Боғрахан билеген. Қарахандар әулеті билеушілерінің бұл «Табғаш» деген атты қолдануы – олардың Шығыс Қытайдағы түркілердің ежелгі қоныстанған ота-нын әсте ұмытпағанының айғағы. Ал Боғра деген сөзі – Бура, қашаннан да өте алып-жойқын күштіліктің белгісі. Осыдан Табғаш Қара-Боғрахан дегеніміз Батыл Қара-Бурахан (Қара-Бура) болып шығады. Қара-Бураханды Орта-Азия халықтары, әрқайсысы өздеріне жақын тартып, біздің үлкен бабамыз деп құрметтейді. Ел басқаруда жалпы Орта Азия халықтарына жасаған асыл қасиеттерін, адалдығы мен әділдігін, батылдығы мен ақылдылығын, білімділігі мен имандылығын мақтан тұтып, ұлы тұлға санайды. Қазақтар, ұйғырлар, қырғыздар, тәжіктер, өзбектер, түріктер, тағы басқа ұлт өкілдері Қара-Бураны өздеріне иемденіп, жоғары бағалайды. Бұл құптарлық дұрыс мәселе. Қара-Бураның тарихтағы орны, беделі ежелгі түркі тектес халықтардың ынтымағымен ауызбіршілігінің, адал тілегінің бір екендігінің, олардың жік-жікке бөлінбегендігінің белгісі, қайта бұл халықтардың көксеген мақсатының өзі – жарасымды тұтастығы мен бірлігі. Міне, бұл дегеніміз, Қара-Бураханды, кейіннен Қарабура-әулиені «Қараханиттер» заманындағы Орта Азия халықтарының барлығына бірдей ортақ түркі тектес елдердің ұлы көсемі, кемеңгері екендігінің толық көз жетерлік дәлелі деуіміз заңды. Қара-Бурахан өзінің әділдігімен де, тазалығымен де, батырлығымен де, адамгершілік-білімділік қасиеттерімен де бүкіл Орта Азия халықтарының, батыр-сұлтандары мен бай-манаптарының, ғылым-білімнің жаршыларының және қарапайым халықтың жоғары қолдауына ие болған тұлға. Қара-Бура хан ел басқаруда өзіне де, өзге өңірлерді басқарушы хандар мен барлық билік өкілдеріне де төрт түрлі ұстанымды, негізгі, өзекті мәселе деп талап қойды:

1) әділдік пен әділеттілік – ақ жолды жаза баспас әділ үкім басшының ысымы, осыған қарап бұқара халық та әділ болады, қоғамда әділеттілік қалыптасады;

2) адалдық пен тазалық – жүрегі адал, ділі таза, кең пейілді, саналы халқы мен би- сұлтандары көп мемлекет әрдайым бақытты, бақуатты;

3) білімділік пен батылдық – ақ-қараны айыра білетін, білгір-айлакер, ержүрек алғыр, ақылды батыр, дүниенің барлық құбылыстарына зер сала білетін, қайсар азаматтары мен білімді халқы бар мемлекет әрдайым жеңісте жүреді, халқы адал өмірдің жақсылығына қанық болады;

4) адамгершілік пен имандылық – әр адам бойындағы адамдық қасиетін сақтап, уақытша болатын аштық-тоқтыққа шыдап, байлық-мансапқа қызықпай, бос құмарлыққа алданбай, Алланың бірлігіне шүбә келтірмей, мұсылмандық парызын бұлжытпай орындауы керек. Ел басқарушылар осыған көп ықпал жасауға тиісті – сол жағдайда ғана халық та, мемлекет те тозбайды, жетіледі.

Қара-Бура хан халыққа: «Адам өз рухындағы әділдікті, асылдықты, тазалықты, білімділікті, батылдықты, адамгершілік пен имандылықты сақтай білсе, мемлекетке де, адамдарға да және оның ұрпағына да тек жақсылық болады», – деп түсіндіреді. Міне, осы жағдайда адамзат ішінде түсіністік орнайды. Бақуатты ел болу ниетімен Қара-Бура хан өз мемлекетін өркендетіп, гүлдендіріп, соғыссыз, ынтымақты жасауға орасан күш-жігерін жұмсады.

Қара-Бурахан барлық мұсылман дінін таратушыларды қолдап, мыңдаған сауатты жастарды үлкен шаһарларға жіберіп, мұсылман дінінің маңыздылығын үйретті. Ол Орта Азияда мұсылман дінін, имандылықты толығымен өркендетуді, жалпы халыққа уағыздауды өзінің мүдделес досы, арғы бабалары арабтардан келген, әкесі Ибрагим, шешесі Қарашаштан туылған сопылардың баласы Қожа Ахметке үміт артып, үлкен сеніммен тапсырды. Осыдан Қожа Ахметтің басшылығымен ислам дінінің аясында Орта Азия түркілері тек ислам дінін тұтынушы емес, сонымен қатар толығымен ислам мәдениетін жасаушы күшке айналды. Түркі халықтарының рухани, мәдени дербестігі кезінде Қожа Ахмет Қара-Бураханның ықпалымен тарих сахнасына шығады. Қара-Бурахан Қожа Ахметке барынша жағдай жасап, бүкіл ислам әлемін аралап дәріс алуға, шәкірт жинап дәріс беруге, Орта Азия халықтарын аралап ислам дінін уағыздауға, ислам мәдениетіне тәрбиелеуге бар ықыласымен кірісті. Қожа Ахметті қолдап-қорғап жүретін жеке нөкерлер тобын берді, барлық шығын қаражаттарымен қамтамасыз етті. Сонымен қатар, басқа да ислам дінін таратып уағыздаушы топтарды қолдап, қорғап, еңбегін бағалап жүруге өз қарамағындағы барлық хан-сұлтандарды, билік өкілдерін жұмылдырды. Ұлы тұлғаның көзі тірісінде оның білімді басшы шәкірттері қатарында 12 мың сұлтан мен 99 мың жай халық ішінен шыққан сауатты дін таратушылар болды. Діни сауатты азаматтарға молда, қажы, ғұлама, ұстаз деп құрмет көрсетіп, ұрпақты имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеуде жаппай өнеге ұстап отырды. Міне, осының арқасында Орта Азияда толығымен мұсылман діні қалыптасып, Қара-Бурахан және Қожа Ахмет оның негізін салушылар болып саналады. Қара-Бураханның Орта Азия халқына жасаған ұланғайыр осындай өзгерістері мен қамқорлығын құрметпен бағалаған мұсылман халқы, Орта Азияның негізгі мұсылман қауымының көп жиналған жерлері мен елдерінде Қара-Бураханның атындағы атауларды, таулар мен өзен-су, жер, көптеген нысандардың аттарын қойған. Қожа Ахмет Ясауи да өзі дүниеден озар бақилық сапарында өзінің денесін жуып жаназасын шығаруды, мәйітін жер қойнауына беруді, өте адал ұстазы ретінде, мүдделес досы Қара-Бурадан басқа адамның қол тигізбегенін алдын ала бұхара халқына ескертіп кеткен екен. Қара-Бура Қожа Ахмет Ясауидің жаназасын шығарып, барлық жерлеу рәсімін өзі жасаған.

Қара-Бура әулие өзінің бірінші қызы Бегім сұлуды оғыз қыпшақтарының ханы Санжар сұлтанға ұзатқан. Өзі жасы келе екінші қызы Қамбар-Бибіні ислам дінінің ірі өкілі, ғұлама ғалым Сүлеймен Бақырғаниға ұзатып, одан туған немере қызы Айша-Бибі Сүлеймен Бақырғани қайтыс болған соң, екінші әкесі Зәңгі бабаның тәрбиесінде болып, Тараздың әміршісі, өзінің ғашық жары Қарахан атты патшаға барар жолда жылан шағып қайтыс болды. Қазір Тараз қаласының маңында Айша-Бибі кесенесі бар. Қара-Бура әулиенің қыздары Ташкенттен 12 шақырым жерде Қамбар-Бибінің, Қызыл Орда облысында Бегім сұлудың кесенелері бар. Қара-Бура әулие аттары мен оба белгілері Қытайда, Қашқарда, Иран, Түркия, Тәжікстанда сақталған. Қырғыз елінің бір аймағы, қазіргі ауданы Қара-Бура атымен аталады. Талас өңірінде Қара-Бура шыңы, Қара-Бура ойпаты, Қара-Бура асуы, Қара-Бура жазықтығы, тағы т.с.с. нысандар толып жатыр. Бұның барлығы Қара-Бура әулиенің тарихтағы орнын, хандық – ел басқарудағы беделін айғақтайды.

Атақты Жүсіп Баласағұн 1069 жылы 51 жасында Қарахан мемлекетінің көсемі Қара-Бура ханның хандық дәуірін, ел басқарудағы ұстанымдарын, елдің ынтымағын, мұсылман дінінің жақсы қасиеттерін – адалдылық пен әділдікті, білімділік пен адамгершілікті, ислам дінінің тазалығын пайымдап зерттеп, Қара-Бураханның төрт ұстанымын негізге ала отырып “Құтты-Білік” деген дастан жазды. Оны Баласағұн қаласында бастап жазып, Қашқар каласында бітірді де хандардың ханы Қара-Бураханның өзіне тарту етті. Бұл шығармасында ол Қара-Бураханның негізгі төрт ұстанымына жеке-жеке (әділет, ақ-ділмаш, ай-толы және өткермеш деген) ат беріп, кітаптың барлық желісі бойынша осы маңызды қасиеттерді бір-біріне салыстыра байланыстыру арқылы ел басқарудың қыр-сырлары мен халықтардың арақатынасындағы ынтымақтық асыл қасиеттердің өзегін көрсете баяндады. “Құтты-Білік”-пен танысқан соң, Қара-Бурахан Жүсіп Баласағұнға ризалығын білдіріп, бұдан былай “Хас-Хажип Жүсіп Баласағұн” деген атақ берілетінін, ол хан сарайының бас ақылшы ақыны, бас уәзірі деген мағанада екенін айтып, өзіне қызметке алды. Көп ұзамай “Құтты-Білік” дастаны Ұлы Жібек жолымен Еуропа, Азия, басқа да елдерге тарады.

Созақтағы Қара-Бура әулиенің алғашқы кесенесі осыдан шамамен 800-1000 жыл бұрын салынғанының дәлелі, 2015 жылы ескі кесене бұзылып, кесененің әрбір кесектері мен тастары, топырақтары мұқият тексерілді. Кесене дуалымен бірге қаланған арап тілінде жазылған екі кітап шықты. 14 дана баяғы заманның тас болып қалған әртүрлі таңбалы және жеті рим саны түскен тас-қыштар шықты. Мыңдаған жылдар бұрын жасалған тас-қыштардың сапасы мен қаттылығы, технологиясы қазіргі заман қыштардан анағұрлым жоғары. Бұл сол кездегі көне кесене тастарының өзгешелік қасиеттері. Қара-Бура бүкіл Орта Азиядағы түркі тілдес халықтарға ортақ тұлға. Қырғыз халқы (әсіресе Талас облысы, Қарабура ауданы тұрғындары) Қара-Бураханды жоғары бағалап, көптеген аңыз-деректерді айтып мақтан тұтады. Қашқарлықтар да оны ұлы баба тұтып құрметтейді, ол жақта да көптеген нысандар Қара-Бурахан есімімен аталады.

Құрал ЕРЖАНОВ
Қара-Бура кесенесін салдырушы сәулетші-авторы, Қара-Бура мәдени орталығының төрағасы