Берік Оспанов – федерация төрағасы

360

Шымкентте Қазақстанның грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Бауыржан Оспановтың қатысуымен спорттық жекпе-жек және күштік спорт түрлері конфедерациясының отырысы өтті.

Бұдан бөлек жиынға осы федерацияның бас хатшысы Анатолий Волоха, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев пен өңірдегі барлық спортшылар қатысты.

Жиында «Оңтүстік Қазақстан облысының грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы» қоғамдық бірлестігі құрылып, оның жаңа төрағасы болып облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов сайланды. Мәжіліске қатысушылар бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.

Вице-президент Бауыржан Кеңесбекұлы Қазақстанның спорттық жекпе-жек және күштік спорт түрлері конфедерациясының президенті Сауат Мыңбаевтың 2014 жылғы шешімімен барлық аймақтарда филиалдар ашу көзделгенін атап өтті.

Облыс көлемінде 17 аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектептерінде еркін күрес, 11 мектепте грек-рим бөлімдері бар. Еркін күресті — 168, грек-рим күресін — 75, әйелдер күресін 5 бапкер жаттықтырады. Спорттың бұл салалары бойынша нәтижелі табыстарға қол жеткізгендер жеткілікті.

Облыс спортының өрге домалауы үшін қоян-қолтық жұмыс жасайтынына сенім білдірген Б.Оспанов облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың қолдауымен биыл әкімшілік-іскерлік басқару орталығы маңынан әлемдік деңгейдегі спорт қалашығы бой көтерсе, ендігі жерде жаттықтырушылардың қол жеткізген табыстарына орай жалақылары жоғарылайтынын хабарлады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі