Биыл жаз ыстық болады

803

Шымкентте шіліңгір шілде басталмай жатып-ақ жұртышылық аптап ыстықтан мезі бола бастады. Тіпті күннен қорғанудың түрлі тәсілдерін меңгеріп алған. Жерлестеріміз ыстықтан қалай қорғанып жүр және алда күн райы қандай болмақ?

Шаһарымыздың орталық көшелерімен жүрген тұрғындардың кейпі өзгерек. Бірі қолдарына су ұстап амалдаса, екіншісі балмұздақтың көмегіне жүгінген. Бұған қарап аптап ыстықтың көпті әжептәуір әбіржіткенін байқауға болады. Жаз маусымында, әсіресе, қаланы абаттандыру жолында жұмыс жасайтын жандардың шаруасы қарбалас. Олар ыстықтан өздерімен қоса өсімдіктерді де қорғауы тиіс.

Гүлнәз Сейфолла, көгалдандырушы маман: «Ия, біз өзіміз ыстықтан әзер сақтанып жүрміз. Гүлдер де солып қалады ма деп қайта-қайта суарамыз. Енді амал жоқ, су бұрқақтарды қолданып немесе өзге де су шашу амалдарымен сураамыз».

Біраз жерлестеріміз күннің ыстықтығына қарамай қала көшелерінде жүр. Бұл олардың ыстықтан қорғану жолын жақсы білетіндерін көрсетсе керек.

Мақсат Сағынтаев, қал тұрғыны: «Күн қатты ысып кетті ғой, шаршауымызды басып, тынығу үшін түскі уақытта достарымызбан Қошқар ата суына барып шомыламыз. Бір жағынан шипалы су, екінші жағынан ыстығымызды басады».

Марал Қуанышқызы, қала тұрғыны: «Өзім Ораза тұтып жүрмін. Әрине, күннің мынадай ыстықтығы әсер етеді. Одан қорғану үшін саябақтардағы субұрқақтарға келіп, оған тамсана қарап, табиғат аясында  серуендеймін. Жаныма немерелерімді ертіп аламын».

Шымкентте сынап бағанасы 38-40 гарудсты көрсеткенімен, бұл төтенше жағдайға жатпайды екен. Синоптиктердің айтуынша, биылғы жазда ең ыстық ауа 43 градусты көрсетіпті. Онда да өңірдің өзге аймақтарында тіркелген. Ал алдағы күндері өңірімізде жаңбыр жауады деп күтілуде.

Әсия Қадырбаева, синоптик: «Маусым айының үшінші онкүндігінде ыстық, құрғақ ауа райы сақталады. Тек 24-25 маусым аралығында кей жерлерде өткінші жаңбыр, найзағай болады. Ауа температурасы тек осы аралықта 2-3 градус төмендейді. Содан қайта 40-43 градус ыстыққа көтеріледі».

Мамандар биылғы шілдеде аптап ыстық күтілуде деп мәлімдеді. Сондықтан тұрғындар аптап ыстықта қорғану үшін бас киім киіп, қолшатырын ала жүруі қажет деп кеңес береді.