"Бомба қойылды" деп хабарланған үй

«Шымкенттегі көпқабатты пәтерлердің біріне бомба қойылып, кепілдікке адамдар алынды.» Мұндай хабарламаны кезекші бөлімге түнгі сағат 12-ге таман жергілікті тұрғын жеткізген. Оқиға орнына тәртіп сақшылары мен өрт сөндіру техникалары жұмылдырылып, тұрғындар оқшауланған аумаққа көшірілді.

Суыт хабар тәртіп сақшыларына түнгі сағат 23-30-да түскен. Белгісіз ер адам Шымкенттегі Абай даңғылы мен Қалдаяқов көшесінің қиылысындағы №2 үйге жарылғыш зат қойылғаны жөнінде хабарлапты. Кепілдікке адам қойылғанын да айтқан.

Оқиға орнына ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері шұғыл жетті. Көп қабатты үй оқшауланып, ондағы тұрғындар мен жақын маңдағы көңіл көтеру орындарының келушілері қауіпсіз жерге көшірілді. Тұрғын үйді толығымен тексеріп шыққан мамандар ешқандай жарылғыш затты таппады. Есесіне күдікті қолға түсті.

"Бомба қойылды" деп хабарланған үй
«Бомба қойылды» деп хабарланған үй

Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы: «Күдікті азамат ретінде 1963 жылы туылған Шымкент қаласының тұрғыны қолға түсті. Оған байланысты ҚР қылмыстық кодексінің 273-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл факті Абай полиция бөлімінде тіркелді».

Қазір көпқабатты үй де, оның маңайында да мүлгіген тыныштық орнаған. Түндегі абыр-сабыр байқалмайды. Бірақ тұрғындардың қорқынышы әлі сейіле қоймапты.

Екатерина Карасева, № 2 үйдің тұрғыны: Қорыққанымыз соншалық, құжаттарымыз бен үйдегі кішкентайларымызды алып, далаға жүгіріп шықтық. Көршілеріміз де ары-бері жүгіріп кетті. Үйдегі қарттарымызды көтеріп алып шықты. Полицейлер, кинологтар, өрт сөндірушілердің шұғыл тексеру жұмыстарына риза болдым».

Лола Жолдасова, № 2 үйдің тұрғыны:»Біз ештеңееге түсінбей қалдық, шырт ұйқыда жатқанбыз. «Далаға шығыңдар!» деген дауыс естілді, бомба қойылды дегенді біліп, зәре-құтымыз қалмады ғой. Түнгі сағат 2-ге дейін үйге кірген жоқпыз, қауіпсіз аймақты паналадық. Бәрінен бұрын балаларымыз, баспанамыз бен жинап-терген дүниеміз аман қалғанына қуандық.»

Құқық қорғаушылардың айтуынша, қазір оқиғаның ақ-қарасы анықталып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тәртіп сақшылары мұндай телефон терроры жыл басынан бері алғаш рет тіркеліп отыр дейді.