Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов Шардара ауданына жұмыс сапарымен барып, азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады. Сапар барысында өңір басшысының орынбасары алдымен ҰБТ сынағында алдыңғы бестіктің қатарынан көрінген М.Горький атындағы жалпы орта мектеп ұжымының жұмысымен танысып, ұстаздардың білім ошағы жанынан қосымша оқу корпусы салынып, спорт алаңы кеңейтілсе деген ұсыныстарын тыңдады.
Аудан әкімдігінде өткен қоғамдық қабылдауға алғаш болып кірген І топтағы мүгедек Асан Құнанбайұлы көпқабатты үйлерде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың көтеріліп-түсуіне оңтайлы жағдай жасалуын сұрады. Сонымен қатар, шардаралықтар жаңа емхана салуды сұрап, аудандық орталық ауруханада жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмысының аяқталу мерзімін нақтылады.
Ал аудандық тарихи-өлкетану мұражайының меңгерушісі Нұрлан Сымайылов асар әдісімен салынған мұражай үйінің аумағын кеңейту үшін құрылысын жүргізуге облыстық бюджеттен қаржы қаралу мәселесін көтерді. Қабылдауға келген азаматтардың мәселелерін тыңдаған Е.Айтаханов жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар беріп, алдағы уақытта айтылған ұсыныстар назарға алынатынын айтты.
Түс қайта аудан активімен кездескен Ерлан Қуанышұлы 2015 жылдың бес айында атқарылған жұмыстар барысын саралап, талдады.
Ауданға жасаған жұмыс сапары барысында Ерлан Қуанышұлы мектепті үздік бітірген түлектерді марапаттап, тест сынағында 100 баллдан жоғары көрсеткішке қол жеткізген оқушыларға сый-құрмет көрсетті. Үлкен өмірге қадам басқалы отырған түлектерге облыс әкімінің орынбасары мен аудан әкімі Қ.Айтөреев сәт сапар тілеп, егемен еліміздің жарқын болашағы үшін еңбек етуге шақырды.
Айта кетейік, биылғы ҰБТ сынағында ауданның орташа көрсеткіші 81 балды құрап, облыс бойынша алтыншы орынға тұрақтады. Бұл көрсеткіш — өткен жылмен салыстырғанда 7,6 балға артық. Тест тапсырған 760 оқушының 161-і 100 балдан жоғары жинаса, 25 түлек «Алтын белгі» иегері атанды.
Шардара аудан әкімі аппаратының баспасөз қызметі