– Шаһизада, туған жерге қош келіпсіз. Жерлестеріңізге деген сағыныш мауқын басып жатқан боларсыз?
– Рахмет. Шынымды айтсам, туған жерден жырақта жүрген соң мұнда жиі келіп тұруға онша уақытым бола бермейді. Той-жиын мен өлім-жітімдерде ғана туған-туыстардың үйін бір аралап қайтамын.
Қазақта «шақырған жерден қалма деген» керемет сөз бар. Достарымыздың қуанышын ортақтасуға келіп қалған жайым бар.
– Соңғы кездері сахнадан көрінбей кетуіңізге не себеп?
– 6 жылдан бері бизнес саласы бойынша қаржы кеңесшісі ретінде еңбек етіп келемін. Қарапайым халықтан бастап қалталы кәсіпкерлерге дейін біздің мекемеге келіп жатады. Біз үкіметтің мақұлдауымен қаржыны дұрыс жұмсау, үнемдеу, көбейту бағыты бойынша кеңестер берумен айналысамыз. Сондай-ақ келін түсіріп, ене атанғанымды да білесіздер. Тойдың қамы, кейін құда-жекжатты болып, баратын думанымыз көбейіп кетті. Айта берсем, ене атанып, «шенім» көтерілген соң өнерден кішкене қол үзіп қалдым. Бірақ, түпкілікті кеткенім жоқ. Ара-тұра әндерімді жаздырып тұрдым. Әйтеуір шақырған іс-шаралар мен кештерден қалмауға тырысып жүрдім. Ал қазір толықтай сахнаға бет бұрдым.
– Осы ретте жаңалықтарыңызбен бөлісе отырсаңыз…
– Репертуардағы әндерді жаңартып, қайта жаздырып шықтым. Фариза Оңғарсынова апамыздың сөзіне жазылған Ермек Елгезековтің «Бал сезім» әніне бейнебаян түсірдім. Сондай-ақ, «Super Star.kz» байқауы арқылы бағы ашылған әнші Әлішер Каримовпен бірге «Саған ғана» деген әнге дуэт жаздырған болатынбыз. Ол музыкалық шығармаға бейнебаян түсіру үшін шет ел асуға тура келді. Яғни, Монғолия еліне арнайы барып, сол жақтың мамандарының көмегіне жүгіндік. Клип келер айдан бастап көрермен назарына ұсынылатын болады. Айта кетейін, «Саған ғана» әні белгілі сазгер, өзіміздің жерлесіміз Арман Бексұлтандікі, сөзін Талант Арынғали жазған.
– Жоспарларыңыздан хабардар болсақ…
– Жоспар көп, әрине. Кез-келген өнер адамының әрбір күні жоспарға толы. Бізге бір орында тұрып қалуға болмайды. Жаңашылдық керек. Тыңдарман жаңа әндер күтіп отырады. Демек, ән қоржынымды жаңа туындылармен толықтыру әлі де жалғаса бермек. Сондай-ақ өзімнің туған жерім, Оңтүстік жұртшылығына арнайы келіп, шығармашылық кешімді өткізсем деген ой бар. Кейбір әншілер секілді тек облыс орталығы Шымкентпен ғана шектеліп қоймай, облыстың шалғай аудандарын да араламақ ниеттемін. Өйткені шалғайдағы жұртшылыққа сәлем беріп, батасын алу, қошеметіне бөлену көбінің қолынан келе бермейді. Одан өзге биыл ел алдында есеп беруді өнер ордасы Алматыда жалғастыруды көздеп отырмын. Әзірге нақты уақыты белгісіз, өз командаммен жоспарын түзіп отырмыз. Жаңалық болып жатса, әлбетте сіздерге бірінші болып хабар беремін.
– Жоғарыда сөзіңізде «келін түсіріп, ене атандым» деп қалдыңыз. Білгіміз келіп отырғаны, әнші Шаһизада қандай ене?
– Оны менен емес, келінімнен сұрағандарыңыз жөн болар-ау. Бірақ, келінімнің мен туралы теріс пікір білдіріп немесе бетіме қарсы келген кезі болған емес. Айналамдағы құрбыларым келінім екеумізге таң қалып, тіпті қызыға қарап отырады. Тіпті кейбірі келініңе ене емес, құдды бір анасы сияқты қарайсың дейді.
Шыны керек, екінші рет ана атанып, өмірге қыз баласын алып келгім-ақ келген. Бірақ, Алланың қалауымен жалғыз ұлмен шектелдім. Өзім көпбалалы отбасыдан шыққан соң үйде улап-шулап отыруға үйреніп қалғанмын. Ұлыма бауырының жоқтығы жанына бататынын сезетінмін. Кейде Алланың басқа перзент сыйламағанына қатты қынжылатынмын. Бұйырмаған шығар. Енді ұлым мен келініме: «Немерелерімнің санын көбейтіңдер. Санына жаңылысып, әже болып, бағып отырайын» деп қоямын (күліп). Әрине, алдымен денсаулық берсін. Қалғаны қолдағы нәрсе ғой.
– Айтпақшы, ұлыңыз бен келініңіз қолыңызда тұра ма?
– Әрине, жалғыз ғана ұлымды бөлек шығармаймын ғой. Қайта отбасымызға келінім қосылып, жанұямыз толықты. Жақын күндері отбасымызда тағы бір жағымды жаңалық орын алмақшы. Келінімнің аяғы ауыр. Алла бұйыртса, немере сүйіп, «әже» бақытына бөленбекпін.
– Туған жерге түпкілікті көшіп келгіңіз келмей ме?
– Сұрақты төтесінен қоя салдыңыз ғой. Өтірік айтып қайтейін. Дәл қазіргі жоспарымда ондай ой жоқ. Кім біледі, бәлкім құда-құдағиыма жақындайын деп көшіп келуім де мүмкін (күліп).
– Демек, келініңіз де шымкенттік болды ғой?
– Иә, ұлымның таңдауы мақталы аудан Мақтаралдың аруына түсті. Ұлымның жар таңдауда қателеспегеніне анық көзім жетті. Балам шаңырақ көтермей тұрғанда: «Анашым, тура сізге ұқсайтын аруға үйленемін» деп жиі айтатын. Уәдесінде тұрды. Келінім өзіме қатты ұсқайды. «Келін ененің топырағынан жаралады» деген бос сөз емес екеніне көзім жетті.
– Киелі сахнада 1984 жылдан бері ән шырқап келе жатқан дарынды әншісіз. Одан бері 31 жыл өтіпті. Бұл, әрине, аз уақыт емес. Тыңдармандарыңыз үнемі іздеп отыратын өнер жұлдызына айналғаныңыз қашан. Шыныңызды айтыңызшы, осы жылдар ішінде «әттеген-ай» деп қатты өкінген сәттеріңіз болды ма? Жан жараңызға ауыр тисе де, оқырман қауыммен бөлісе аласыз ба?
– Мына сұрағыңызбен өткен күндерді еске түсірдіңіз ғой. Иә, қарап отырсам, сахнада жүргеніме аз уақыт болмапты. Талай қиыншылық пен қызықшылықты бастан өткердім. Бәрін де Алланың сынағы деп қабылдадым. Әлі есімде, 1985 жыл болатын. Оңтүстіктің Арыс деген жерінен шыққан қарапайым Шаһизада ол кезде Алматы қаласында студент. Кенеттен өнердегі аға буын өкілдері мені мемлекеттік «Гүлдер» ансамбліне шақырып, кәдімгі әнші ретінде тұрақты жұмыс ұсынды. Жаспын ғой, «Жоқ, менің өзге де жоспарларым бар. Мен әлі тұрмысқа шығуым керек» деп қарсылық танытып едім. Бүгінде сол ұсыныс әлі есімнен кетпейді. Бәлкім, сол кезде келісімімді беріп, ансамбльге қабылданғанымда өмірім басқаша болар ма еді деген сауал көкейімді мазалауын тоқтатқан емес. Әрине, соным үшін өкінемін. Бұл бүгінгі өміріме өкпелімін деген сөз емес. Елден қалып жатқаным жоқ, ұлым өсті, шаңырақ көтерді. Ене атандым. Құдайға тәуба дейін, бүгінгі күніме ризамын.
– Соңғы сұрақ, бүгінде әріптестеріңіздің ортасында жиі көтеріліп жүрген мәселе – өнер адамдарының мемлекетке салық төлеуі. Сіздің пікіріңіз қандай?
– Меніңше салық төлеуде тұрған ешбір ерсілікті, заңсыз әрекетті көріп тұрғаным жоқ. Осы елдің ауасын жұтып, суын ішіп отырған соң, сондай-ақ осы мемлекетте табыс тауып, күн көріп жүрген кез-келген азамат салық төлеуі тиіс. Салық біреудің қалтасына барып жатқан жоқ. Ол – қарапайым халықтың жалақысы болып табылады. Қарақан басты ойлайтын заманнан өттік. Шүкір, еліміз дамып келеді. Экономикамыз шарықтауда. Қолыңнан келсе, көмек бере білу керек. Ал салық төлеу мемлекет алдындағы парыз деп есептеймін. Бірнеше жылдан бері салықты тұрақты түрде төлеп келемін. Нақты сомасын айта алмаймын. Себебі ол табысқа тікелей байланысты. Және де салық төлеу жұмыстарымен айналысатын өзімнің есепшім бар. Қысқаша айтқанда, мемлекеттің, халықтың арқасында табыс тауып отырған кез-келген адам табысының 10 пайызын салық етіп төлеуі шарт.
Жансая Тәуекелқызы
«Оңтүстік Рабат», №24, 17.06.2015