Күнгейде шомылу маусымы басталды

1090

Облыста бүгіннен суға түсу маусымы басталды. Бұл туралы «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен брифингте өңірдің төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері мәлімдеді.

Суға түсу маусымы ресми түрде ашық деп жарияланды. Алайда, күнгейдің климатына әбден үйренген халық суға шомылуда сәуір айында-ақ бастап кеткен. Ең өкініштісі, 14 адам суға кетіп, бақилық болыпты.

Марқұмдардың сегізі — кәмелет жасына толмағандар. Осы ретте департамент қызметкерлері тұрғындарға ашық өзендер мен көлдерде, арықтарда суға түсуге рұқсат жоқ екенін ескертеді. Сондай-ақ, сақтық шараларын сақтауға шақырады.

Ерік Сарыбаев, Шымкент қалалық төтенше жағдайлар басқармасы басшысының орынбасары: «Cуға кету себептері, біріншіден, ата-аналары балаларын қараусыз қалдырады. Екіншісі — жүзу құралдарын пайдалануда қауіпсіздің шараларын сақтамаудан. Сосын бізде су айдындары, өзендер көп, оларға демалыс күндері балық аулауға шығатындар көп. Солар балық аулаудың сақтық ережелерін сақтаумаудан қайғылы оқиғалар туындап отыр».

Күнгейдегі 41 су қоймасының тек үшеуінде ғана құтқарушылар бар. Олар: Шардара, Бөген, Тоғыс су қоймалары. Өзге су қоймаларында шомылу қауіпті.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=vm0DvDYWHpA[/youtube]

Ерғали Бахаев, облыстық ТЖД бөлім басшысы: «Судан құтқару жасағы — штат бойынша 48 адам. Олар төртке бөлінген. Жоғарыда аты аталған су қоймаларына және төртіншісі — қаладағы «Тұлпар» шомылу бекетінде. Жедел-құтқару жасағы Шымкент қаласында орналасқан. Ол облыстың қай жерінде болса да суға кеткендерді құтқарады».

Ал шымкенттіктер қаладағы Қошқар ата өзенінде шомылуды жөн санайды. Емдік қасиетке толы су айдынында адам үзілген емес. Сондықтан болар, төтеншеліктер арнайы бекет орнатып, әрбір келушіні қадағалайды.

Облыс орталығында 11 жабық және ашық бассейн, екі көл, 15 субұрқақ бар. Оған үш су қоймасын, сегіз өзенді және бір каналды қосыңыз. Ал төтеншеліктер оның барлығын қадағалауға штаттың жетіспейтінін айтады. Сондықтан суға шомылғанда сақтық шараларын сақтауды өзіңізден бастағаныңыз абзал.