Кентауда қуаты 6300 кВт болатын электр подстанциясы іске қосылды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Подстанция қаладағы индустриялды аймақта іске қосылып отыр. Подстанциядан шыққан электр қуатын аймақта ашылған кәсіпорындар төмен бағада тұтынатын болады. Бүгінде осында өндірілген 3 мГв жарық Кентау трансформатор зауытына таратылуда.
Кеншілер қаласындағы 41,7 гектар жерді алып жатқан индустриалды аймақта қазіргі кезде трансформатор бөлшегін шығаратын кәсіпорын мен асфальт өнімін шығаратын зауыттың құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Аталған аймақта алдағы уақытта жалпы құны 28 млрд 426 мың теңгені құрайтын 7 жоба іске қосылып, 197 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Қосымша мәлімет. Оңтүстік Қазақстанда индустриалды аймақтар құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Шымкент қаласынан басқа өңірлерде осындай аймақтар ашу үшін бөлінген жер телімдерінің жалпы көлемі 1053 гектарды құрап отыр. Бүгінде Түркістан қаласы мен Созақ ауданында 1,33 млрд теңгені құрайтын индустриалды аймақтар іске қосылған.
Енді олардың қатарын Кентау қаласының индустриялды аймағы толықтырып отыр. Мұндай аймақтар облыс бойынша 7 ауданда салынып жатыр. Шымкент қаласының өзінде «Тассай» және «Бадам» индустриялды аймақтарының инфрақұрылымы салынуда.