Иә, орынды сұрақ. Әрі барлығымызды мазалап жүргендігі де орынды. Күні кеше ОҚО-ның бір ауданына барып, керағар-деструктивті ағымдардың жетегінде кеткен жастардың ата-аналарымен кездесу өткіздік. Кездесу барысында байқағанымыз, сол жастардың ата-аналары: «ұлым (қызым) жақсы, айтқанымды орындайды, арақ ішпейді, темекі, наша шекпейді, бүлік шығарып жатқан жоқ» дейді. Бір жағынан қарасаңыз, дұрыс сияқты. Бірақ шынымен де солай ма? Егер базарға (олардың дені базарларда сауда жасайды) бара қалсаңыз таразыдан жемей, лажы болса тұтынушының (клиент) көңілінен шығуға тырысады. Әрине, алдамаған, таразыдан жемеген соң, сол сатушыға қайта айналып келеріңіз анық. Халық не себепті олардың қателіктерін байқамайды? Бұл сауалға былайша жауап бергенді жөн көрдім (бұл менің жеке пікірім).
1. Алдамаудағы мақсат — адам сенімін жаулап алу. Көбінесе деструктивті ағымның мүшелері өз қатарларына 4 типті адамды іздейді. Олар әскери, әл-ауқатты, зайырлы-білімді, қарапайым. Әскери азаматты қару үшін пайдалануы мүмкін. Жағдайы жақсы азаматты дүние-мүлкі үшін пайдалануы мүмкін. Оқыған азаматтың ораторлық қасиетін пайдалану мүмкін. Оқымаған азаматты кез-келген тапсырма беріп жұмсау үшін пайдалану мүмкін.
2. Бізде туысқандық инс-титут жақсы дамыған. Батыс елдерінде ондай қарым-қатынас ұмыт болғалы қашан. Туысқандық институттың біздің ортада мықты болғаны соншалық, ұлымыз не қызымыз баукеспе ұры, қанышер болса да жазасын тартсын деп ұстап беріп жатқандар саусақпен санарлық. Бұған қатысты халқымыз “ішімнен шыққан ала-шұбар жылан” деп қоя салады. Демек деструктитві ағымның жетегіндегілер ата-анасымен жақсы қарым-қатынаста болса қорғалатыны анық. Негізінде дінімізде ата-ананы құрметтеу жоғарғы сатыда тұрады. Сондай-ақ көптеген керағар діни топтар ата-анасына қарсы шығып ұтылғаны бар. Кейінгілері бұл қатені қайталамауға тырысып бағуда.
3. Ата-аналар діни сауат-сыз. Осы себепті ұлының құлшылығын ҚМДБ имамдарының құлшылығынан айыра алмайды. Осы үшеуі жеткілікті шығар. Енді не істеуіміз керек? Олар дәл қазір тойған қозыдай тыныш жатыр. Яғни, ешкімге килікпейді, дегенмен жасырын дәріс өткізетіндері бар. Жанына жолай қалсаң, «құқығымды бұздың» деп шыға келеді. Жаманға жақындап “сен жамансың” деп қайталап айта берсең, ”иә, жаманмын, ал не істейсің?” дейтіні бар емес пе? Бірде бір жаннан “ең қауіпті ит қандай ит?” деп сұрағанда “тыныш жатқан итті барып түртсең, одан қауіпті ит жоқ” деген екен. Олай болса, жаман болсын, жақсы болсын жатқан ит жата берсін. Ал біз айналамыздағыларды сақтандырумен айналысайық.
Мен ұсынатын жолдар:
1. Насихатты көбейту керек. «Насихат бар, неге олай айтасың» дейтіндер бар шығар. Иә, дұрыс, насихат бар. Бірақ, сәл ойланып көрейікші. Керағар ағымдар телеарна, радио, газет-журналдардан насихатталып жатқан жоқ. Онда не себепті көбейіп жатыр? Әрі көбінесе ол ортаны құрайтын жастар. Бұған берілетін жауап, сол жастар интернетте көп отырады. Әлеуметтік желілерді жақсы пайдаланады. Демек, насихатты әлеуметтік желілерде жасауымыз керек. Дәл қазір Атырау, Астана, Алматы облысындағы орталық мешіттерде насихаттың бұл түрі жақсы жолға қойылған. Атыраудың ханафи.кз. Атырау орталық мешіті, Әзірет Сұлтан мешіті, Нұр Астана мешіті, Алматы орталық мешіттері ғаламторда жақсы жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ ҚМДБ жанындағы Хикмет.ТВ студиясы жақсы дүниелер шығарып жатыр. Енді барлығымыз жабылып осы аудио, видеоларды ВК, Фейсбукте, Ютубта, ватсапта, вайберде және т.б. әлеуметтік желілердің барлығында таратуымыз керек.
2. Насихат өз мазхабымызды, ақидамызды түсіндіру түрінде болғаны абзал. Қарсы жақтағылар соқыр, қыңыр, қисық дегеннен көріп жатқан пайдамыз шамалы ғана.
3. Облыстағы барлық мешіттердің аудио, видео насихаттары мр3, мр4 форматтарында кеңінен таратылуы керек.
4. Әр имам уағыздарын мр3, мр4 форматта тарата білгені абзал.
5. Соңында қарсы жақтағылардың дұрыс емес пікірлерін айту керек. Мен атап өткен бесіншіге дейінгі пунктер еліміздің басқа өңірлерінде нәтижесін берді. Мысалы, Алматы, Атырау облысында ВК мен ФБ-да Ханафи мазхабы мен Матруди ақидасына байланысты көптеген пабликтерді кездестіруге болады. Бұл сол облыстағы жанашыр ел ағалары мен білікті имамдар жұмысының нәтижесі.
Ұлықбек Алиакбарұлы,
дінтанушы