Мәрмәр тас шығарып жатыр

Шымкент қаласындағы «Дар-сер» ЖШС-інде мәрмәр тастан бұйымдар құйып, оны құрылыс материалы ретінде кәдеге жаратып жатыр. Серіктестік директоры Серік Дәрібаев отандық тауар өндірісінде алғаш рет мәрмәр өндіру идеясын енгізген автор. Ол құрылысшы-кәсіпкер. Сан ғасырлық тарихы бар мәрмәр тасын өндіруді қолға алған жан кәсібінен нәсіп тауып отыр.

21-009

Бұл кәсіпті бастап алып кетуге бас-аяғы сегіз миллион теңге жұмсалған. Оның алты миллионын мемлекет көтеріпті. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасы, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, кәсіпкерлік палатасы, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының көптеп септігі тиген-ді. Тараз қаласына қарасты Қаратаудағы зауыттан цехқа қажетті шикізат тасымалданады. Зауыт тасты ірі, ұсақ, өте ұсақ, құм секілді етіп ұнтақтап береді екен.

Мәрмәр ұны қымбат емес. Әр келісі алты теңге тұрады, тасымалданып жеткенше бар-жоғы жиырма екі теңгеден келеді. Мәрмәр ұнына қосатын химиялық қоспалар шетелден жеткізіледі. Себебі, мұндай заттар бізде шығарылмайды. Серіктестіктегі құрал-жабдықтар Түркиядан алынған. Серік басқаратын цехта тоғыз адам жұмыс істейді. Тапсырыс күннен күнге артып отыр екен. Олардың мәрмәрден жасалған ас үстелдері, ыдыс-аяқ жуатын шұңғымалары, терезе алдына төсейтін тақтатастар жеке үйлерде тұр. Қаладағы танымал «Мизам» дәмханасы, «Ыстамбұл» мейрамханасы, медреселер, асханалардың бірқатары, тойханалар шымкенттік мәрмәрді қолдана бастаған. Өйткені, тұтынушыларды мәрмәрдің сапасы мен экологиялық төзімділігі қызықтырып отыр.

Егер ас үстелі мәрмәрдан жасалса, оның үсті сырылмайды, сынбайды, ағаш секілді ісініп көгеріп, ашылып кетпейді. Ұзақ уақытқа дейін төзімділігін сақтайды. Былай қарасаңыз, мәрмәр тастың өзі интерьер. Бөлменің сәнін келтіріп тұрады. Цехта мәрмәрдің барлық түсі жасап шығарылады.

21-010

Айта кетерлігі, елімізге мәрмәр тастар әлі күнге дейін сырттан жеткізіледі. Мәселен, Украинадан тасмалданатын тастар екі-үш жерден өтіп келетіндіктен, бағасы қымбатқа бағаланады. Ол тастардың бір шаршы метрі елу төрт мың теңгеден түседі. Ені 1,4 сантиметр, тым жұқа болады. Ал, серіктестікте шығарылып жатқан мәрмәр тастардың ені 2,5 см. Яғни, әлдеқайда мығым, әрі сапалы. Сонымен қатар, цехта жұмыс істеп жатқан мамандар шет елден келген. Өйткені, бұл кәсіптің қыр-сырын түсінетін мамандар әзірге жоқ.

Лаура Ділдәбекқызы

«Оңтүстік Рабат», №21, 27.05.2015