Шымкентте өз оқушысын ұрлап қашқан мұғалім ұсталды. Бұл масқараны Абай аудандық прокурорлар анықтаған. Оқиға соңғы қоңыраудан соң орын алған. Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалып жатқан жасөспірім қызды үйінің жанынан ұрлап кеткен.
Кейінірек мұндай әрекетке барған жасөспірім қыз оқыған мектептің дене тәрбиесі пәнінен сабақ беретін мұғалім екені анықталды. Кәмелетке толмаған қызды мұғалімі ұнатқанымен, жасөспірім тарапынан ондай сезім болмаған. Алып қашқан бір топ жігіттің ішінен өзінің мұғалімін таныған қыз дереу туыстарына хабар беріп үлгеріпті. Арада бірер сағат өтпей жасөспірімнің әкесі мұғалімнің үйіне келіп, қызын алып кеткен.
Қазіргі таңда қылмыстық әрекетке барған мектеп мұғалімі ұсталып, уақытша қамау абақтысында отыр. Күдіктінің қылмысы дәлелденсе, ол 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«Күдіктінің әрекетінде қылмыстық кодекстің 125-бабының 2-бөлігі, яғни, адам ұрлау фактісі бар. Бүгінгі таңда осы баппен қылмыстық іс қозғалып, мұғалім абақтыға жабылды», — дейді Шымкент қаласы Абай ауданының прокуроры Әбутәліп Мұстафаев.