Облыстық «Мәдениетім — мерейім» өнер байқауын теріскейлік ағайын жалғастырды. Күй мен жырдың мекені саналатын Созақ ауданынан сайысқа қатысу үшін 300-ге тарта өнерпаз келіпті. Ұжым ә дегеннен-ақ әкімшілік-іскерлік ғимаратының алдын мерекелік алаңға айналдырды.
Ағаштан жасалған ыдыс-аяқтар, ұлттық ою-өрнекті құрақ көрпелер, соғыс жылдарын еске салар қылқалам шеберлерінің туындылары. Шымқала тұрғындары бұл күні теріскейлік қолөнер шеберлерінің осындай еңбектерін тамашалады.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=4yL7fED7hjY[/youtube]
Созақтан келген ағайын әдеттегідей қонақжай қасиетімен көпті қара үйге шақырды. Мұнда ақ дастархан жайып, тәтті бауырсақтарын ұсынды. Қымыз сапырып, құрт-майын үлестірді. Меймандар алдында «Ақ әжелер» ансамблі ән-тартуын жолдады.
Шолпан Шойғараева, «Ақ әжелер» ансамблінің әншісі: «Биыл біздің топтың құрылғанына 10 жыл толды. Ал кештегі мақсатымыз — бүгінгі қоғамдағы әжелердің қандай болуы керегін, олардың тәрбиесін, шаңырақтағы орнын көрсету. Өскелең жастарға мұны айшықтап ұқтырып, көрсету, ұлттық өнерді, оның ішінде халық әндерін дәріптеу, үйрету — бізге жүктелген».
Аудан өнерпаздары сахнадағы мерекелік шараны күй тартыстан бастады. Бұл — жазушы М.Әуезовтың «Созаққа барсаң, күйшімін деме» деген қанатты сөзінің дәлелі болса керек. Ұйымдастырушылардың айтуынша, кештің ерекшелігі бұл ғана емес.
Тәуіржан Ыбыраев, Созақ аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы: «Байқауға басқа саланың мамандары да қатысып жатыр. Мәселен, ән, хор ұжымы. Бір жарым сағаттық бағдарламаға кәсіби өнер адамдары ғана емес, барша аудан халқы атсалысып жатыр деп қуана айта аламын».
Қарашаш Таубаева, Созақ ауданының тұрғыны: «Концерт керемет өтіп жатыр, өзіміздің аудан болған соң қолдауға келіп отырмыз. Туған жеріміздің табиғаты мен мәдениетінен сыр шертер туындылар айтылып жатыр. Рахмет!»
Өнер ұжымы сайыста халық қазынасы жыр-терме, дәстүрлі ән, ұлттық би сынды өнердің жанрларын насихаттады. Осылайша Созақтың өнерпаздары «Мәдениетім — мерейім» байқауының бесінші күнін қорытындылады.